Ересек азаматтар бағындыра алмаған ауыр тасты 19 жастағы Ақсу қаласының тұрғыны көтеріп алды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
— Мен бұл тасты көтеретініме толық сенімді болдым. Бастысы, тасты дұрыс ұстап, техниканы дұрыс жасау, — деді жеңімпаз.
Айта кетейік, салмағы 300 келідей болатын тасты Астанаға Баянауыл даласынан алып келген. Дәл осы жерде атақты балуан Қажымұқан тасты қолында ұстап, қара күш иесі екендігін дәлелдеген.
— Біз мұндай жарыстарды қазақ елін әлемге танытқан рухты батырларымызыға құрмет көрсету мақсатында өткіземіз. Осындай жарыс үшінші рет өткізіліп отыр, алайда тасты жерден көтере алған адам биыл ғана анықталды, — дейді Павлодар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашев.
Өз кезегінде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов жеңімпазды құттықтап, Әміре Бағұстарға жаңа теледидарды сыйға тартты.