Жарыстың алғашқы күні Қазақстанның әр аймағынан келген дзюдошылар 60 кг, 66 кг, 73 кг (ерлер) 48 кг, 52кг, 57 кг, 63 келі (әйелдер) салмақ дәрежесінде сынға түсті.
Нәтижесінде ерлерден 60 келі салмақта Қарағанды облысының балуаны Қылыш Еренғайыпов топ жарса, 66 келі салмақта Маңғыстау облысының балуаны Сұңғат Жұбатхан бас жүлдені жеңіп алды. 73 келі салмақта тағы бір маңғыстаулық балуан Руслан Мусаевтің бағы жанды.
Ал білекті арулардан 48 келі салмақта Астана қаласының балуаны Ақмарал Науатбек жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінсе, 52 келі салмақта Алматы облысның аруы Нұрсұлу Ералиеваның айы оңынан туды. 57 келі салмақта тағы бір астаналық балуан Әйгерім Әбілқадірова жеңімпаз атанса, 63 келі салмақтың бас жүлдесін маңғыстаулық балуан Ақниет Тұрдан қанжығасына байлады.
Бүгін, яғни Атыраудағы Қазақстан чемпионатының екінші күнінде 81 кг, 90 кг, 100 кг, +100 кг (ерлер), 70 кг, 78 кг, +78 кг (әйелдер) салмақ дәрежесінде бақ сынайды.