Алматылықтар арасында «ОҢАЙ» картасын қолданушылар саны 3,5 есеге артқан. «Оңай» ЖШС-нің мәлімдеуінше, сараланған тариф енгізілгелі бері бір жарым ай ішінде автопарктерге 2 млрд теңгеге жуық түсім түскен.
Қыркүйектің 1-і мен 12-сі аралығындағы транзакциялардың жалпы көлемі 28,2 млн теңге болды. Бұл шілде айындағы көрсеткіштен 139 пайызға (11,8 млн теңгеге) жоғары. Осы айдың 12 күнінде автопарктер түсімі 543 млн теңгеге жетіп, «ОҢАЙ» картасымен жасалған транзакциялар көлемі 9 миллионға жуықтаған.
«Соңғы мәліметтер сараланған тариф енгізу шешімінің қаншалықты маңызды болғанын дәлелдеп отыр. Қазір автопарктердің шынайы қаржылай айналымы мен жолаушылар тасымалының нақты көлемін көріп отырмыз. Қала әкімшілігіне жіберілетін бұл мәліметтер Алматы қаласының қоғамдық көлік саласын дамытуға септігін тигізеді», — деді «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС директоры Садир Хамраев.
Сараланған тариф енгізілгенімен, 80 теңге көлеміндегі негізгі жолақы бағасы өзгеріссіз қалып, барлық жеңілдіктер сол қалпында сақталды.