«Қазақ хандығы» сериалының екінші маусымы түсіріле бастады - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Қазақ хандығы» сериалының екінші маусымы түсіріле бастады

«Қазақ хандығы» сериалының екінші маусымы түсіріле бастады

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Centaurus Rustem Abdrashev production» компаниясымен бірлесе отырып «Қазақ хандығы. Алтын тақ» атты тарихи сериалының екінші маусымын түсіруді қолға алды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі «Қазақфильмнің» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

  • 23 Қазан 2017
  • 246
Фото - Caravan.kz

«Қазақ хандығы» сериалының бірінші маусымы отандастарымыздың тарихқа деген қызығушылығын оятты. Режиссердің және шығармашылық топтың атына көптеген алғыс хаттар келіп түсті, ғаламтор және әлеуметтік желілер арқылы жылы лебіздер алдық. Көптеген пікірталастар мен сындар да болды. Халық тарапынан осы жобаның жалғасын түсірсе екен деген тілегін аңғардық. Бұл біз үшін өте маңызды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық мәдениетіңді, ұлттық кодыңды сақтай білу. Олар сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» делінген. Елбасымыздың осы жолдауы фильмнің идеясына негіз болды. Енді міне, аздаған демалыстан кейін жасаған жұмысыңа режиссер ретінде емес, қарапайым көрермен ретінде баға беріп, атқарған жұмыстың бәрі де бекер болмағанын түсіндім. Міне енді, ауқымды сериалдың екінші маусымын қолға алып отырмыз. Түсіру тобына сәттілік тілеймін», — деді фильмнің режиссері Рүстем Әбдіраш.

Он бөлімнен тұратын жаңа маусымның сценарий авторлары да бұрынғы сценаристер болмақ.

«Тарихи туындының бірінші маусымы Керейдің хан тағына отыруымен аяқталса, екінші маусымда қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуы, Жәнібектің таққа отыруы суреттеледі», — деді режиссер.

Сондай-ақ, бұл сериалда қазақ хандарының мәдениет және экономикалық орталық – Сығанақ қаласы үшін көрші мемлекеттермен күресі суреттеледі.

Режиссердің айтуынша, «Қазақ хандығы. Алтын тақ» сериалы жаз айынан бастап дайындық кезеңде болды. Осы уақыт аралығында режиссерлік сценарий жазылып, қосалқы рөлдерге кастинг өткізілді. Сонымен қатар, негізгі декорациялар қайта өңделіп, екі интерьер тұрғызылды.

«Бірінші маусымда болған қателіктер мен кемшіліктер ескерілді. Өтпелі кезең натурасының түсірілімдерін жүргіздік. Жылдың соңына дейін сериалдың 40 пайызын түсіруді жоспарлап отырмыз», — деді Рүстем Әбдіраш.


Жоба продюсері Арман Әсенов телехикаяның негізгі түсірілім жұмыстары «Қазақфильм» территориясында тұрғызылған декорацияларда, сонымен қатар, киностудияның павильондарында жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар, осы жобаға арнайы киіз үйлер орнатылып, бірнеше декорациялар тұрғызылатын болады. Ал хикаяның кейбір сахналары Қапшағайдағы «Түркістан» декораясында түсіріледі.

«Түсіру тобының құрамы өзгерген жоқ десе де болады. Дайындық кезеңі барысында әр департамент үлкен жұмыс атқарды. Жаңа костюмдер тігіліп, ескілері қайта өңделді», — деп қосты продюсер.

Режиссер хикаяның актерлер құрамы өзгермегенін, алайда, жаңа маусымда жаңа кейіпкерлердің пайда болатынын да айтты.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тарихи телехикаясының бірінші маусымы Үстіміздегі жылдың наурыз айында тұсауы кесілген болатын. Жылдың басында сериалдың кинонұсқасы – толықметражды «Алмас қылыш» фильмі жалпыұлттық прокатқа шығып, көшбасшылардың қатарынан көрінді.