Белгілі болғандай, «Ман» жүк көлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, «Фольцваген-Пассат» автокөлігімен соқтығысқан. Жүк көлігінің жүргізушісі жол-көлік оқиғасы орнынан қашып кеткен. Ал, «Фольцваген» автокөлігінің 67 жастағы жүргізушісі ауыр жарақаттан, оқиға орнында көз жұмды. Тағы 9 жолаушы, оның ішінде 11 және 15 жастағы екі бала алған дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Дәрігер зардап шеккендердің бесеуін үйіне қайтарған. Аталған жол көлік оқиғасы бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша іс қозғалып, жүк көлігінің жүргізушісіне іздеу жарияланды.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жасырынып жүрген жүргізуші көп ұзамай ұсталды. Ол Сарығаш ауданының 1980 жылы туылған тұрғыны болып шықты. Қазір күдікті қамауға алынып, бірнеше сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өңірдің тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтауда.