ШҚО-дағы кемшіліктерді жоюға алты ай уақыт берілді - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-6 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ШҚО-дағы кемшіліктерді жоюға алты ай уақыт берілді

ШҚО-дағы кемшіліктерді жоюға алты ай уақыт берілді

086 медициналық анықтамасының бағасы бір ауданда үш мың теңге шамасында болса, енді бір ауданда оның құны 7,5 мыңға дейін жетеді.

  • 21 Қараша 2017
  • 204
Фото - Caravan.kz

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша Шығыс Қазақстан облысы республикада тоғызыншы орында орналасқан (2015 жылғы көрсеткіш – екінші орын). Ал электрондық түрде ұсынылатын қызмет түрлері жағынан жағдайымыз тіптен нашар, 14-ші орын. Бұл жөнінде облыстық әкімдікте өткен алқалы жиында белгілі болды.

Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Баян Закирьянованың төрағалығымен өткен жиында Шығыс Қазақстан аумағында жуырда жүргізілген екі тәуелсіз мониторингтің нәтижелері сөз болды. Бұл жұмысты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің мамандары жүргізіпті. Бірден айтайық, екі тексерістің де нәтижесі мәз емес.
Департамент қызметкерлері облыстың түгелдей дерлік аудандары мен қалаларында болып, ондағы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын тексеріп, көргендерін бейнекамераға түсіріп қайтқан екен. Жиында бұл бейнетүсірілімдер жиналғандар назарына ұсынылды.

Департамент басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиевтың айтуынша, комиссия мүшелері ең алдымен мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға көрсетілетін қызмет деңгейіне мән беріпті.

– Бейнежазбадан көргендеріңіздей, мемлекеттік мекемелердің көбінен олқылықтар таптық. Оның бәрін тізіп айта беруге де келмес. Дегенмен, аудандардағы, алыс ауылдардағы әкімдіктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының басым көпшілігінде пандус деген атымен жоқ екенін көрдіңіздер. Оны қойып, мемлекеттік мекеме ғимараттарындағы персоналды шақыру түймешіктерінің көбі істен шыққанын да анықтадық. Сонда мұндай мекемеге келген мүмкіндігі шектеулі адам көмек сұрамақ түгілі, ғимарат ішіне кіре алмай қайтуы да мүмкін. Бұған қоса, аталмыш ғимараттардың жағдайы да тәуір деп айтуға келмейді, бөлмелері мен дәліздері тар, көбінде дәретхана жоқ. Осыдан-ақ халықтың мұндай мекемеге келуге неге құлықсыз екенін түсінуге болады, – деді Қайрат Сапарғалиев.

Дегенмен, бейнетүсірілімді тамашалау барысында жиналғандар аудандарда бұдан да өрескел кемшіліктер бар екеніне көз жеткізді. Атап айтқанда, бір елді мекенде сын-ескертпелер кітапшасы басқа емес, жергілікті әкімнің бөлмесінде орналасқан екен. Ал тағы бір білдей мемлекеттік мекеме ғимаратының айналасында тұрғындарға қатысты құнды құжаттардың бей-берекет шашылып жатуы, оған қоса қоқыстан Мемлекеттік рәміздердің табылуы бөлек бір мақалаға арқау бола алады. Енді бір мекеменің дәлізінде сонау 1998 жылғы Сыбайлас жемқорлық туралы заңның мәтіні әлі ілініп тұр.


Түптің түбінде осының бәрі халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының төмендеуіне әкеліп соғады дейді мамандар.

Жиында көтерілген тағы бір мәселе көрсетілетін қызмет түрлерінің құнына байланысты болды. Мәселен, 086 медициналық анықтамасының бағасы бір ауданда үш мың теңге шамасында болса, енді бір ауданда оның құны 7,5 мыңға дейін жетеді екен.

– Бір құжат үшін кейбір аудандардың тұрғындары не себепті екі есе артық шығындалуы тиіс? Аталған мәселені тиісті басқармалар басшылықтарына жеткізіп, шұғыл шара қабылдайтын боламыз, – деген облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Баян Закирьянова анықталған кемшіліктерді жоюға алты ай уақыт беріліп отырғанын айтып, заңбұзушылықтар қайталанатын болса, жергілікті жердегі әкімдер мен басқарма басшылары тәріптік жазаға тартылатынын ескертті.