Келер жылдан бастап елімізде ерлер денсаулығына бюджеттен қаражат бөліне бастайды. Бұл туралы Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының басшысы Мырзакәрім Алшынбаев айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
Мамандардың есебінше, ерлердің 65 пайызы дәрігерге қаралмайды. Сондықтан қазір ерлер арасында ауру өршіп тұр. Бұрын әйелдер арасында белсіздік белең алса, қазір ерлер арасындағы бедеулік көрсеткіші теңескен. Одан өзге қуық асты безінің қатерлі ісігі де әрбір алтыншы қазақстандықта кездеседі. Сондықтан биылдан бастап алғаш рет ерлер денсаулығына бөлінген қаражатқа емханаларда тегін дәрігерлік қызмет көрсетіле бастайды.
«Біз бірінші ел, дүниежүзіндегі ерлердің денсаулығын Үкімет арқылы, халықтың ақшасы арқылы қарап отырмыз. Сол үшін облыс орталықтарында орталықтар ашып, соған қарамай, 65 пайыз еркектер өзінің денсаулығына қарамайды. 65 пайыз! Тек қана Қазақстанда емес, біздің көрші Ресейде — 70 пайыз. Түркияда — 45-50», — дейді "Академик Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы" АҚ басқарма төрағасы Мырзакәрім Алшынбаев.
Мамандардың айтуынша, жағдайды қолға алмаса, бедеулік проблемасы ажырасуды көбейтіп, демографияны кемітіп қана қоймай, елдің экономикалық дамуына да кері әсер етеді.