Бұл туралы Ділназ “Әкем туралы” бағдарламасына айтып берген, деп хабарлайды Stan.kz.
“Менің әкем – әлемдегі ең күшті әке, ол мен үшін әлемдегі ең талантты адам. Менің әкем жалпы “әке болу” ұғымын бар жан-тәнімен сезінетін қамқоршы жан. Сондай-ақ, әкем өте еңбекқор, ол жақындарым бақытты болсын деп ғұмыр бойы жұмыс істеді. Дәл осы қасиеті үшін мен оны қатты жақсы көремін және құрметтеймін.
Әкем менің дүниеге келуімді қатты күтті. Себебі ол кезде ұлы бар, қызды болуды қалады. Бала күнімде әкемнен қалай дүниеге келгенім жайлы жиі сұрайтынмын. Сонда ол: “Сені Құдайдан тілеп алдым. Кейін ол сені ұшақтан лақтырып жіберді, ал мен тосып алдым”, – деген еді”, – деп бастады сөзін Ділназ.
Ахмадиеваның айтуынша, анасының жүктілік кезеңі өте ауыр өткен. Тіпті, оның денсаулығы үшін алаң болған дәрігерлер баланы алдырып тастауға кеңес берген.
“Анам мені көтерген соң анам керісінше салмақ тастап, ас ішпейтін халге жеткен. Дәрігерлер анамның денсаулығы үшін алаңдады. Бірақ әкем анамды көндіріп, ақырында мен өмірге келдім. Расында анам екеуміз де өлім аузынан қалдық. Сосын анам күйзеліске душар болып, мені небәрі 1,5 ай емізген. Сол шақтан бастап маған тек әкем қарайтын. Тіпті, 7 жасқа дейін әкем шомылдыратын. Қысқасы, әкемнің қызы болдым. Ол менің өмірге келгенімді қалады, жақсы көрді. Тіпті, ата-анам ажырасқан шақта мен әкеммен қалдым. Себебі біз Алматыда тұратынбыз, ал анам туыстарына Ташкентке кетті”, – дейді Ахмадиева.
Айта кетейік, әншінің әкесі белгілі әнші, актер әрі депутат – Мұрат Ахмадиев.