Аша Матай отандық шоу-бизнесте мінсіз «келін» мәртебесіне ие. Жас ана болғанына қарамастан, ол қызының тұсаукесер рәсімін бүкіл халықтың алдында өткізіп қана қоймай, өзге жобалармен бірге, атышулы «Қалаулым» бағдарламасының түсірілімін де бірге тоғыстыра білді.
Қазақтың некелесу дәстүрі туралы не ойлайды екен? "Қалаулым" бағдарламасынан кейін өмірі қалай өзгерді?
Аша осы және өзге де жайттарды Caravan.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында баяндады.
— «Тұсаукесер» салтанатындағы Сіздің қызыңыздың суреті Қазнеттің рекордтарын жаңартты. Жалпы мұндай салт-дәстүр түрлеріне қалай қарайсыз? Осыншама көп тойдың қажеті бар ма?
— Мен үшін бұл өзіндік ерекше орны бар дәстүр. Мысалы, біз өткізген тұсаукесер рәсімі, сәби өміріндегі жаңа кезеңнің басталуын, яғни үлкен өмір жолына бастаған алғашқы қадамының оңды болуын білдіреді. Сәбиіміздің тұсауын кескен Сәкен Майғазиев болса, өзінің алғашқы қадамдарын Қарақат Әбілдинамен жасады. Бұл ырым қызымыздың Қарақат секілді өнегелі әрі мәртебелі шаңырақ иесі болсын деген ниетпен жасалынды.
Дәстүр бойынша, қызымыздың алдына бірнеше заттар қойдық: кітап, домбыра, қалам, қамшы. Ол соңғысын таңдады. Соған қарағанда, ержүрек бастық болатын сияқты.
Барлығымыз, өз мақсатына жететін, тізгінді өз қолында ұстайтын елінің батыр аруы болар деп күлдік. Бірақ болашақта біз қызымызды өзіміз қалаған белгілі бір бағытқа қарай баруына итермелемейміз, себебі мен мамандық таңдау еркін баланың өзіне қалдыру керек деп есептеймін.
Тойға келетін болсақ, көпшілігі осынша шығынның не қажеті бар дейді. Бұл тұрғыда, менің ойым келесідей:
Той – өмірдің қуанышы, сол қуанышыңмен бөлісу, осы жақсылық Сіздің шаңырағыңызға жұғысты болсын деген ниет білдіру. Мүмкіндік болса, әрине жасау керек. Дүбірлетіп өткізу міндет емес, ең жақын деген адамдарыңды жинап, тыныш қана өз ортаңда өткізуге болады.
— Тұсаукесердің жайы түсінікті болды, ал құдалық, ұзату рәсімдерінен қашып құтыла алмайтын сияқтымыз. Бұл жайлы не ойлайсыз?
— Әрине. Және бұл игі дәстүрлерден құтылудың қажеті де жоқ. Біріншіден, бұл бабаларымыздан аманат болып қалған дәстүр. Екіншіден, бұл біздің ұлттық ерекшелік. Бұл дәстүрлердің әр қайсысында терең өмірлік философия мен ұлан ғайыр мағына жатыр. Әр дәстүріміздің тәрбиелік мәні қандай…
Сонымен қатар, «қыз ұзату» — әрбір қалыңдықтың ата-анасының арманы деп ойлаймын.
Мұндай тойлардың орнына жас жұбайларды саяхатқа жіберген дұрыс деген де пікірлер бар. Бірақ мен оны түсінбеймін. Шетелге баруға қашан болса да үлгересің, ал «қыз ұзату» өмірде бір-ақ рет келетін мүмкіндік емес пе?!
— Сіз жүргізетін «Қалаулым» бағдарламасы, көпшілік арасында «Мини–Дом2» аталып, қазақ тілді көрермендер арасындағы рекордтты жаңартуда. Неліктен дәл осы бағдарламаға бардыңыз?
— Себебі, біз көрермен көңілінен шыға білдік және күн сайын 3 сағат бойы осы сенімді ақтауға тырысамыз. Бірақ біздің мұндағы басты міндетіміз – экран алдында адамдар тобын жинау емес, жалғызбасты жандарға өзінің екінші жартысын табуға көмектесу.
Әртүрлі қатысушылар бар, барлығы шынайы махаббатын жолықтыру мақсатында келеді. Ал үміткерлердің арасында шынайы махаббат іздеп, отбасы құру ниетімен келетіндермен қатар, жай ғана пиар іздеп келетіндері де бар. Бұл өкінішті. Ондай қатысушылармен мен күрес жүргізуге тырысамын. Қолдамаймын оларды. Біздің бағдарлама — үйленуге ұласатын шынайы, таза қарым-қатынастарды қалыптастыруға септігін тигізуге арналған жоба.. Қазір елімізде ажырасу көбейіп бара жатыр.
Осы мәселелерді ескере тұра, жалғыздықтан жаураған жүректерге барынша жәрдем көрсету — біздің басты мақсаттарымыздың бірі.
— Жоқ, мүлдем олай емес. Көпшіліктің ойынша, біздің кейіпкерлер – өз рөлін сомдайтын актерлер, ал әр шығарылымның дайын жоспары бар деп санайды. Шындығына келсек, олай емес.
Бағдарламада әртүрлі жағдайлар болады.
Әрине, кейде қатысушылар өзара тіл табыса алмай, жаға жыртысып жатады, бұл жағдайлар бізді қуанышқа бөлемейді әрине, бірақ өмірде де ұқсас жағдайлар орын алып жатады ғой… Ал біз, өмірдегідей шынайы жобамыз.
Мен қатысушыларымды осы қылықтары үшін жиі сынға алып отырамын, себебі әр нәрсенің белгілі бір шегі болады. Теледидар – тәрбие берудің бірден-бір құралы болып табылады. Бірақ, көпшілік мұны рейтинг жоғарылату үшін арнайы жасалынып отырған дүние деп ойлайды. Маған оның қажеті жоқ.
Кез-келген арна өз рейтингтерін көтеру үшін жұмыс жасауы бір бөлек, бірақ бұл экранда тек шынайы жағдайлар болғанда ғана көрерменнің жүрегінен орын алатынын ұмытпағанымыз жөн.
— «Қалаулымнан» кейін Сіздің өміріңіз өзгерді ме?
— Бастапқыда, біз мұндай жобаны көрерменге ұсынуға қорықтық. Мен қатты толқығанмын. Бірақ көріп отырғандарыңыздай, біз күткеннен де жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жатырмыз. Телевизиялық бум орын алды десек те болады.
Қазір қорқыныш жоқ. Себебі біз игі іс жасап жатқанымызға сенімдімін. Екі жарты бір бүтін болып, отбасын құрғаны қандай керемет.
— Сіздің қатысушыларыңыздың тойын қашан көре аламыз?
— Осы уақытқа дейін бір той болды ғой, шүкір.
67 жастағы Сейсенбек аға біздің бағдарламаның көмегімен өмірінің екінші көктемін бастады. Сүйіктісін кездестіріп, отбасын құрды.
Олар біздің түсірілім алаңында танысты, 5 күн ішінде бір-біріне бауыр басып үлгерді. Нәтижесінде біз эфирде үйлену тойын өткіздік. Қазір олар Тараз қаласында бақытты ғұмыр кешуде
Ағамыздың айтуынша, жары шай құйып бергенде, оны жеп қойғысы келеді екен (Аша күлді.)
Олардың махаббаты осындай. Көріп отырғаныңыздай, біз адамдарға көмектесудеміз.
Мақала авторы: Сырым Иткулов