Димаш Құдайберген Қытайда жеке концертін дүркіретіп өткізді - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+2 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Димаш Құдайберген Қытайда жеке концертін дүркіретіп өткізді

Димаш Құдайберген Қытайда жеке концертін дүркіретіп өткізді

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қытайда жеке концерт берді.

  • 17 Желтоқсан 2017
  • 832
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Today.kz хабарлайды. Әншінің концертіне келген халықта шек болған жоқ, 10 мың көрермен сыятын зал лық толған.

Бұл — Димаштың шетелдегі алғашқы жеке концерті. Димаштың жан досы Алпамыс Шаримовтың желіге жазған ақпаратына сүйенсек, Димаш алда Америка, Еуропа, Африка, Австралия елдерінде жеке концерт беруі мүмкін.

Димаш Құдайбергеннің жеке концерті Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келді. Қанатұлы бұл үлкен концертке көп уақыт бойы дайындық жүргізді.

"Бұл кеште қазақ, ханзу, франсуз, ағылшын тілдеріндегі əндер шырқалды. Димаштың орындауындағы шығармаларды Қытай, Канада, Америка, Ресей, Украина музыканттардан құралған оркестр сүйемелдеп, бишілер билерімен өрнектеді. Кеш шымылдығы Қанат Айтбаевтың сөзіне жазылған Димаштың өзінің "Сəлем" əнімен ашылып, Ұлықпан Жолдасовтың Асқар Дүйсенбінің сөзіне жазылған "Жұлдызым" əнімен жалғасты.

Кеште сонымен қатар Айгүл Бажанованың "Махаббат бер маған" əнінің ханзу тіліндегі нұсқасы, Орал Байсеңгірдің сөзіне жазылған Димаштың "Ұмытылмас күн" əндері орындалып, тыңдармандар бірге қосылып шырқады. Бейжің қаласынан келген шығармашылық топ замануи сахналық безендірудің, режиссерлік оңтайлы шешімдердің шеберлігін көрсете білді. Қытай еліндегі қазақ фольклорлық триосы қытай халықтық триосымен бірлесе шығарма орындап концертке көрік берді — достық əуендерін төгілтті.


Димаш өзін рояльмен сүйемелдей отырып Естайдың "Хорланын" орындады. Интернационалдық оркестрмен бірге Нұрғисаның "Əлқиссасын", Құрманғазының "Адайын" домбырамен тартты. Димаштың жақында жазылған "Əлемде соғыс болмасын" атты төл туындысы қытай тілінде орындалып халықты тебірентті. Кеш бойы көрермендердің қошеметі, ықыласы ерекше болды.

Концертте кроссовер, этно, классика, поп бағытындағы жалпы саны отыз бір шығарма орындалып, кеш шымылдығы Саят Əбеновтың сөзіне жазылған Димаштың "Тəтті елес" əнімен жабылды", — деп жазды Қанат Айтбаев.

Әншінің Қытайдағы жеке концертіне әке-шешесі Қанат пен Света Айтбаевтар, өкіл әке-шешесі Лұқпан мен Айған Жолдасовтар бастаған бір топ адамның барғанын айтқан болатынбыз.