ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәліметіне қарағанда, Тұран даңғылы бойындағы шыршаның өртенгені туралы ақпарат 25 желтоқсанда сағат 06:19 кезінде келіп түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өрт сөндіру бөлімшелерінің жедел әрі үйлесімді іс-қимылының арқасында жалынның кеңінен жайылуына жол берілмеді. Өрт 06:38-де өшірілді», — деді Руслан Иманқұлов.
Атап айтқанда, тілсіз жауды ауыздықтауға екі арнайы техника мен 10 адам жұмылдырылды.
«Бұл оқиғаға орай зардап шеккендер болған жоқ. Қазіргі кезде өрттің себебі анықталуда», — деді ресми өкіл.
ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті алдағы мереке күндерінде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң ұстануға шақырды.