Астана қаласының теміржол вокзалына «жарылғыш зат» қойған 64 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Көліктегі ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, бүгін түнгі сағат 01:00 шамасында «112» пультіне белгісіз абоненттен Астана қаласының ескі теміржол вокзалының ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар түскен. «Оқиға орнына жедел әрекет ету қызметі барды. Төңірек қоршауға алынып, вокзал аумағынан 50 жұмысшы және 100 жолаушы, жалпы 150-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Тексеру барысында қауіпті зат табылмады. Осы факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 273-бабымен («Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау») тіркелді. Полиция аталған оқиғаға қатысты 64 жастағы ер адамды ұстады. Ол қаланың бұрын сотталған тұрғыны болып шықты. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды», — делінген хабарламада. Вокзал штаттық режимде жұмыс істеп жатыр, пойыздар кешіктірілген жоқ.