Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматы облысына жасаған сапары кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтылған негізгі міндеттерді жүзеге асыруда Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматы облысының мүмкіндігіне ерекше назар аударды. Соның ішінде аграрлық саясат, еңбек өнімділігін түбегейлі арттыру және өнделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталған Жолдаудағы үшінші міндетке мән берілді.
«Елбасымыз өзінің бүгінгі Жолдауында ел экономикасын дамытудың басым 10 бағытын көрсетіп берді. Соның үшінші бағыты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндеуге арналған. Қазақстанның астықты ел екенін, жыл сайын миллиардтаған пұт астық өндіретінін, ұн шығаратынын барлығы біледі. Бірақ біз ендігі кезде дайын астықты ғана экспорттап қоймай, оны осы заманғы технологияға сай өндеп, ұн өнімдерін шығаратын кәсіпорындарды көбірек ашуымыз керек», — деді Мұхтар Құл-Мұхамед.
Сондай-ақ Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясының облыстық, аудандық, қалалық филиалдары мен бастауыш партия ұйымдарына Елбасы Жолдауындағы барлық басым бағыттың жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алуды және бұл маңызды құжаттың мәні мен мағынасын Алматы облысының әрбір тұрғынына түсіндіру жүмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.