Осыдан екі ай бұрын сахнаға қайта оралдым деген Қайрат Түнтековке, шетелдік азулы продюсерлердің көзі түсіп жүрген көрінеді. Әншіні қанатының астына алмақ ниеттілердің қатарында, аты әйгілі ресейлік Максим Фадеев те бар. Бұл туралы НТК арнасының “Ревю” бағдарламасында айтылды, деп жазады Stan.kz.
Төрт жылдық үзілістен кейін, үлкен камбэк жасауға белін бекем буған Қайрат Түнтеков, бұл күндері діттегеніне жету үшін барын салуда. Жуырда ғана әнбайқаудың жеңімпазы атанған оған, жан-жақтан толассыз ұсыныстар білдіріп жатқандар жетерлік.
“Ұсыныстар түсіп жатыр, шетелден де, Ресейден де түсіп жатыр. Максим Фадеевтің продюсерлік орталығынан келді. Сол кісінің өзі де кішкене шақырды. Әрине, енді Қытайдан да ұсыныстар түсті. Көреміз енді қайда баратынымызды”, – дейді Қайрат.
«Глюкоза» сынды ресейлік әншілерге танымалдылық сыйлаған Фадеев мырзамен жұмыс істеуім де бек мүмкін деген Қайрат Түнтеков, Қазақстандық продюсерлермен ортақ іс атқаруға мүлде құлықсыз.
“Біраз продюсерлермен жұмыс істеп тастадым. Он төрт жылдың ішінде біраз нәрсені көрдік, үйрендік. Сондықтан, Қазақстанда өзіміз жүре береміз осылай жұмыс жасап”, – дейді Түнтеков.
Жеке продюсері болмаса да, дарын иесі бұл күндері талай істі тындырып тастаған жайы бар. Қатарынан бірнеше ән жазып, көктем шыға салысымен өзінің жеке кешін өткізбек ниетте.
“Үлкен шоу-концерт болады. Ол жерде мені басқа образда көресіздер. Еуропаның стандартымен істегім келіп жатыр концертті. Енді, әрине жанды дауыс ол бір, шоу ол екі”, – дейді Қайрат.
Екі сағат бойы жалғыз өзім, жанды дауыста тыңдарманға тамылжыта ән саламын деген Қайрат Түнтеков концертіне кірісіп кеткен. Одан бөлек, жуық арада жаңа бейнебаянын таспалауды да ойласытырып қойған…