Әуезов атындағы драма театрының жаңа директоры тағайындалды - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Әуезов атындағы драма театрының жаңа директоры тағайындалды

Әуезов атындағы драма театрының жаңа директоры тағайындалды

Бұған дейін Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрын Ерлан Біләл басқарған еді.

  • 12 Ақпан 2018
  • 244
Фото - Caravan.kz

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры болып Асхат Маемиров тағайындалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан МСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен танымал қазақстандық режиссер Асхат Маемиров М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры болып тағайындалды.

Асхат Маемиров – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы (PhD), "Болашақ" Президент стипендиясының иегері. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын драма театр режиссері мамандығы бойынша аяқтаған. 2008 жылы Францияның танымал Université Sorbonne Nouvelle Paris 3 университетінде білім алып, Драма өнерінің Париж ұлттық консерваториясында тағылымдамадан өткен болатын. 2010 жылы Ресей театр өнер академиясында (ГИТИС) театр өнері магистрі дәрежесін қорғады.

Еңбек жолын Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында режиссер болып бастады. Құрманғазы атындағы Орал музыкалық колледжінде "Актерлік өнер" бөлімінің меңгерушісі, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының "Театр өнері" факультетінің деканы, Қазақ Ұлттық өнер университетінің "Актер шеберлігі және режиссура" кафедрасының доценті болды. Шығармашылық жұмыстарынан бөлек, өнертану бойынша философия докторы ретінде ғылыми ізденуіс жұмыстарының шеңбері — заманауи режиссурадағы дәстүр мен жаңашылдық үрдістері, қазіргі заманғы театр өнерінің даму тенденциялары сынды тақырыптарды қамтиды.

Отандық мәдениеттің қазіргі заманғы үздік арт-менеджерлері қатарына кіреді. Еліміздің мәдениет пен өнер саласындағы белгілі ұйымдар – "Қазақстанның рухани қоры" АҚ, "Қазақ әуендері" АҚ жетекшілік етті. 2017 жылы қазақстандық мәдениеттің көш басындағы ең ірі музыкалық ұжымдардың бірі – "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымын басқарды. Елордалық "Астана мюзикл" театрының көркемдік жетекшісі және Қазақстан театрлар ассоциациясының вице-президенті болып табылады.

Асхат Маемировтың шығармашылық қызметі театр өнерімен байланысты. Ол Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында "Қара шекпен" (Г. Хугаев), М.Әуезов атындағы театрда "Қоштасқым келмейді" (А.Володин), "Ұлым саған айтам" (Б.Беделхан) атты спектакльдердің, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында С.Мұхамеджанвтың "Айсұлу" операсы, "Астана Опера" театрында "Қызжібек" операсын сахналауға ат салысты. Сонымен бірге "Ромео мен Джульетта" (Ж.Пресгурвик), "Қыз Жібек" (Е.Брусиловский), "Астана" (Б.Ғафу, А.Оренбургский) атты қазақстандық мюзиклдердің қоюшы режиссері ретінде танылды.


Белгілі қазақстандық режиссер Қазақстанның театр өнерін бірнеше рет халықаралық сахналарда таныстырды. Австрия, Бельгия, Германия, Израиль, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция, Армения, Грузия, Польша, Чехия және т.б. мемлекеттерде өткізілген театр фестивальдерінде, симпозиумдар мен форумдарға қатысты. 2009 жылы Қазақстан сахна өнерінің тарихында тұңғыш рет Нью-Йорк қаласында өткен М.Чехов атындағы І Халықаралық театр фестивалінде "Зоопарктегі оқиға" спектаклімен (реж.А.Маемиров) лауреат атанды (АҚШ). 2017 жылы оның "Ақтастағы Ахико" атты спектаклі (реж.А.Маемиров) Токио қаласында (Жапония) қой аясында "Қыз Жібек" мюзиклін (реж.А.Маемиров) әлемнің бес астанасы – Брюссель, Париж, Вена, Берлин және Мәскеу қалаларының көрермендері ерекше ықыласпен қабылдады.