Бұл туралы НТК арнасының “Ревю” бағдарламасында айтылды.
«Мезгілінен кеш сермедім» болып тұр енді, 43-ке келіп қинап жатыр. Әйтпесе «жас кезімнен бастағанда жақсы болар еді» – деген, ой ғана мазалайды”, – дейді Сәкен сері.
Өмірінің көп бөлігін әнге арнаған Сәкеннің, биге келгенде тосылып қалатыны бар. Дегенмен, жаңашылдыққа жаны құмар әнші, бүгінде хореографияның қыр-сырымен танысып, жеке ән кешінде тыңдарманға тосын-сый жасамақшы…
“Ролик түсірер кезде ғана дайындалдым. Оған дейін өмірімде билеп көрген жан емеспін. Біреумен қимылдап, денені қыздырып… Біз ойлаймыз ғой шығады да олар «патыр-пұтыр» жасайды да кетеді деп. Әшейін бір минуттық роликке, бір жарым ай дайындалдым мысалға. Сол себепті, үлкен ыждаhаттылықты талап етеді”, – деді “Музарт” тобының әншісі.
“Біз концертте би қойылымдарының болатынын айтқанда, Сәкен аға ұсынысымыздан бас тартты. Бастапқыда сенімсіз болды. Бірақ біз көндірдік. Қазіргі нәтиже жақсы. Тіпті біз ойлағаннан да асып түсті десем, артық айтқан емес”, – дейді хореограф, режиссер Андрей Хван.
Ал, стилисттің сөзіне сенсек, бұл кештегі образдар да бұрын-соңды болмаған. Қызу дайындыққа кіріскен Майғазиев, ауқымды шоуға алты бірдей сахналық костюм тіктіруде.
“Кейбір образдарға Сәкен ағаны көндіруге тура келді. Өйткені режиссердың ойы бар, менің де ойым бар. Бірінші образын ашығымен айта аламын. Классика дейміз ғой. Соның өзінде біз өзгертуге тырыстық. Қызыл түсті таңдадық, бродвей стилінде жасап шығарған образымыз”, – деді стилист Жұмабек Елеуов.
«Музарттық» әншінің жеке концерті халықаралық әйелдер мейрамының қарсаңында болады. Нәзік жандылардың төл мерекесіне тұспа-тұс келген кеш, «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім» деп аталады.