Қош келдің төрлет Наурызым! - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қош келдің төрлет Наурызым!

Қош келдің төрлет Наурызым!

Ғасырлар қойнауынан бастау алып, елімізде ұдайы мерекеленетін берекелі Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз!
Қасиетті бабаларымыздың ақ батасы мен өнегелі дәстүр куәгері осы көктем мейрамы Сіздің шаңыраққа жақсылық қуаныш, ырыс әкелсін! 

  • 12 Наурыз 2018
  • 3975
Фото - Caravan.kz

Қадірлі Алаш жұрты!
Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні күнімен құттықтаймыз!
Мемлекетіміз – тұғырлы,
Тәуелсіздігіміз – ғұмырлы болсын!
Әз-Наурыз әр қайсыңыздың шаңырағыңызға құт-береке әкелсін!

Наурыз мейрамына орай ақындардың өлең-жырларын топтамасын ұсынамыз.

Армысың, Наурыз!

Салтымен Ата-Бабаның,

Жаңғырды жаңа заманым!

Тіршілік басы, о, Наурыз!

Қайырлы болғай қадамың!

Бұлдасам басым пұлысың!

Қасиетімнің ұлттық құнысың! 

Өзіңсіз мынау қазақтың, 

Көрген де күні құрысын!

Аңсап бір күтсем ардағым! 

Аңсап бір күтсем ардағым! 

Қолымды созсам арманым! 

Тұманды түндер қапыда,

Көз жазып сенен қалғаным!

Өткен де күннің шатағы, 

Батады жанға!  Батады! 

«Тарқады Наурыз!» — деген күн,

Шағылып тауы Бабамның 

Жуылды-ау жаспен сақалы!

Заман да заман! Заман-ай! 

Дау салып қайтем саған-ай! 

Қамшысы қолда шолтаңдап, 

Халқымның қалған сорыңа,

Шолақ белсендінің заманы-ай!

Еңтелеп үйге ене алмай, 

Үлкенге сәлем бере алмай… 

Көрісе келген көршімнің, 

Ұсынған қолың сан қақтым, 

Шын беріп тұр деп сене алмай!

Арыстан сынды өр кеуде, 

Сұлап та түстің көлбеуге! 

Көріспек қайда,  кеш, бауырым!

—  Наурыз күн сенің жүзіңді, 

Тырысып бақтым көрмеуге!

Көзімнің алды мұнар-ды… 

Ұмыта алмаспын мен бұларды! 

Наурызсыз өтті қанша жыл, 

Тарқата алмай бір құмарды!

Таусылып барып амалым, 

Қақырай жаздап қамалым, 

дегенге, сірә, кім сенген 

«Наурызым! Сені табамын!»

Наурызым! Байлық, берекем! 

Өзіңмен ғана ел екем! 

Береке, байлық сен жоқта,

Бойым жетпейтұғын жер екен!

Ақтарыла айтам ағымнан: 

«Айырылдым ба, — деп —  бағымнан!?» 

Аңыраған шақта сен жеттің!

Мереке басы — о, Наурыз! 

Сен келген күнің — ырыс, құт, — 

ақ түйем қарны жарылған!

Көңілім — дария шалқыған! 

Қорғасын жаным балқыған! 

Сарғая күткен өзіңді,

Сәлем ал қазақ халқынан!

Сындырып сенсіз сағымды, 

Байлаппын қолдан бағымды! 

Аңғалдау халық бұл қазақ… 

Кешірген болсаң, төрге шық, 

Берейін түсіп тағымды!!!

Салтымен Ата-Бабамның 

Жаңғырды қайта заманым! 

Тіршілік басы, о, Наурыз, 

Қайырлы болғай қадамың!!!  Айсұлу Қыдырбаева

 

Наурыз келді

Жан дүниең ерекше күйге енетін,

Күн сәулесі жып-жылы нұр беретін,

Жер төсінен тіршілік нәрін алып,

Балауса гүл ерекше түрге енетін

Жыл бастауы дүркіреп Наурыз келді!

 

Сары белде бусантып сағым жатыр,

Жылғалардан ағатын су да мөлдір.

Ту биенің төсінен уыз емген,

Жас құлынның шабысы күлдір-күлдір

Жыл бастауы дүркіреп Наурыз келді!

 

Тұрыс басқа, жүрісі одан өткен,

Аш беліне оралып бұрым жеткен.

Сұлу жанның еркелеп күлген сәті,

Талай жанның ұйқысын тәркі еткен

Жыл бастауы дүркіреп Наурыз келді!

 

Жігіттер жүр бәйгесін баптап қырда,

Ертең көкпар, айтылар талай жыр да,

Қалындыққа жолыққан күйеу жігіт,

Женгесіне сыйлапты алтын сырға

Жыр бастауы дүркіреп Наурыз келді!

 

Кимешігі жарасып ақ жүзіне,


Анашым жүр, пейілі ел үстінде,

Сон-ооу төбе басында жиын құрған,

Ақсақалдар-абыздар пір емес пе,

Жыл бастауы дүркіреп Наурыз келді !

 

О, Жаратқан халқыма жігер берші,

Қыдыр ата, бақ тілер, асыл елші.

Қан жүгіріп құлпырған мына әлемге

Байтақ елім құт қонып, еркін енші

Жыл басталды – Ұлыстың ұлы күні!   Кенже Жұмағұлов

 

Наурыз тілек!

Бұл кезде жарар долы өзен тас тығырығын,

Көнеден көші жалғасқан дәстүр. Ұлы күн!

Төбесіне кеп жайғасқан қыран қазақсың,

Тектіліктің еш теңселмес хас тұғырының.

 

Қалады ұзап кететін жылдан аз көрік,

Бірде мәз болып өтетін, бірде араз болып.

Тезіне бірге түседі шын татулықтың,

Дүдамал күнде жүргендер дүрдараз болып.

 

Көбесін сөгіп көк мұздың жылға аққан әні,

Сап тізген құстар қанатын бұлғап қағады.

Алты айдан қалған бір асым сүрлерін асап,

Жамау көңілді жамағат жырғап қалады.

 

Берілер дала тербетер қыр самалға ерік,

Жайдары көңіл шуақтан нұр сауар бөліп.

Жағасы, жеңі, етегі, тұлғасы аппақ,

Шапанын шешіп қара жер бусанар келіп.

 

Жүздерін жұрттың бұратын құбылаға нақ,

Іздерін аңдып, артынан шұғыла қадап.

Оң жақ қолының саусағы буынсыз келген,

Елдің арасын жүреді Қыдыр аралап.

 

Енді кешпеген қасірет қайраңы болсын,

Алаштың жұрты ақшуақ айнаны көрсін.

Қаймана қазақ, қадірлі Қыдыр атамыз,

Сенің де шаңырағыңның мейманы болсын!   Қазбек Сағидолда

 

Наурыз көктем

Күн оянды, әлемге нұрын шашып,

Түн оянды, жұлдызы жамырасып.

Сан әуенге толтырып төңіректі

Жер оянды, тіршілік әнге басып.

 

Тау оянды, маңдайы жіпсіп, терлеп,

Терін сүртті ақша бұлт жоғары өрлеп.

Серпіп тастап ақ шәлі орамалын,

Дала оянды, кестелеп гүлден өрнек.

 

Көкте ойнады найзағай қылыш сермеп,

Ұшқынымен от шашып, бұлтты түйреп.

Жасын төгіп жөңкілсе бұлттар көшіп,

Кемпірқосақ ізінше салады өрнек.

 

Ешбір жан жоқ бос жүрген іздеп ермек,

Өрмекші де үлгерген тоқып өрмек.

Қуануда, ұйқысы қанбаса да,

Жан-жануар жүгірген қорек іздеп.

 

Малшы үшін қауырт шақ малы төлдеп,

Ұя қамы құстар жүр шөпшек сүйреп.

"Наурыз келді — жыл басы",- деп шуласып,

Жар салуда қаңқылдап қаз бен үйрек.

 

Бос кетпес деп көктемгі еткен еңбек,

Кез келді деп қамданар, кетпен сермеп.

Айдың қарап күдікпен жатысына,

Шаруа жүр несібе хақтан тілеп.

 

Күн оянды десек ол ұйықтамапты,

Жаралғалы бір сәтке тоқтамапты.

Күлім қағып, нұр шашып кірпігінен,

Оятты енді бар әлем, табиғатты.     Айжарық Ералиев

Оқи отырыңыз:

8 наурыз. Ана туралы өлеңдер

Қазақша Құттықтау — тілек: 8 Наурыз — Халықаралық әйелдер күні

Баян Мақсатқызы “КешYou тобының қыздарын қалталы азаматтарға сатады” дегендерге жауап берді