Азамат Битан: "Әкелер, алдымен біз түзелсек, бесігіміз де түзеледі" - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Азамат Битан: "Әкелер, алдымен біз түзелсек, бесігіміз де түзеледі"

Азамат Битан: "Әкелер, алдымен біз түзелсек, бесігіміз де түзеледі"

Today.kz әкелерге арналған тұңғыш қазақ сайтын ашқан Азамат Битанмен сұхбат жүргізді.

  • 26 Наурыз 2018
  • 64
Фото - Caravan.kz

Интернеттегі қазақ сайттарының қатары тағы бір жаңа сайтпен толықты. Ерекшелігі сол, әкелерге арналған бұл сайт танымдық-тәрбиелік бағытта жұмыс істейді. Біз өз кезегімізде жоба жетекшісі, блогшы, пиаршы Азамат Битанмен аз-кем сұхбаттасып, мән-жайды білген едік.

– Азамат мырза, осы бағытта сайт ашып, оны іске қосу идеясы қайдан келді?

– Бала тәрбиелеудің қызығы да, қиындығы да қатар жүретінін әке атанған соң білдім. Өмірде бұған қатысты мәселелер әркез алдыңнан шығады да тұрады екен. Сондықтан да ең алдымен бұл жұмыстар менің өзіме қажет. Егер өз кемшіліктеріме үңілсем, өзімді жақсылыққа шақыра білсем, онда мен отбасыма, балаларыма жақсы боламын. Яғни бұл сайт балаларымен қарым-қатынасын реттегісі келетін әкелерге арналған шағын алаң десек те жарасады. Қазір ауыл, қала болсын, балаларымыздың күнделікті тұтынып отырған контентінің 60-70%-ы шет елдердің өнімі. Не болса соны жұтып жатырмыз. Келетін мультфильмдер де, ертегілер мен әртүрлі танымдық бағыттағы кітаптардың көбі орыс тілінде. Ойыншықтарға дейін бөтен елдің идеологиясына тұнып тұр. Мен бір нәрсені анық түсіндім. Кімде-кім ұрпағым өзге ұлттың тілінде сөйлеп, өзге ұлттың тілінде түс көрмесін десе, әр қазақ шамасына қарай амал-әрекетін жасай беруі керек екен. Өкініштісі, бізде сөз бар да, қозғалыс жоқ. Бірақ өзге ұлттың көзқарасымен, дүниетанымымен, педагогикасымен сусындаған баланың ертең қай ұлтқа қызмет ететінін айту қиын. Әр ұлттың болмыс-бітімі тілінде десек, теңізге тамған тамшыдай болса да осы бағытта күш салуымыз маңызды.

Біз әлі күнге дейін "Интернетте қазақша ертегі жоқ", "Қазақ тіліндегі аудио жазбаларды неге шығармайды" деп арыз-шағым айтумен келеміз. Себебі жылап-сықтаған жасап шығарудан әлдеқайда оңай. Уақыт бөлуің керек. Білім ізденесің. Үйренесің. Әлдекім сырттан келіп: "Мынау балаларың үшін" деп сұранысты қанағаттандырмақ емес. Жасаған күннің өзінде де шала-пұла істеп құтылады. Сондықтан мейлінше әке мен балаларға арналған қазақ тіліндегі нәрлі шығармаларды ұсынуға тырысамын. Ол баламен жұмыс істеу үшін ауадай қажет. Шіркін, осындай бастамаларға ғалым-оқытушылар, мұғалімдер, ерікті жастар, әсіресе әкелер жан-жақтан жиылып, үлес қосып жатса тамаша болар еді.

Заңғар ғалым Мұхтар Әуезов "Ел боламын десең, бесігіңді түзе" десе, мен ең әуелі жігіттер, әкелер өздерін түзесін, сонда бесігі де түзеледі деймін.

– Неге "Талбесік?" Бесіктің ер азаматқа қандай қатысы бар?

– Иә, мына кезеңде бұл оғаш естілуі мүмкін. Бірақ ана бала тәрбиесіне қаншалықты жауапты болса, әкеге де соншалықты міндеттер жүктеледі. Әке – сырттағы жұмыстарды реттеп, несібе-ризық іздеуші ғана емес. Ол перзенттерінің есті, ақылды болып қалыптасуына ықпал етуші нөмірі бірінші тұлға. Бесікті ер адамдар жасайды. Оның жайлы тербелісіне, ондағы бөпенің тыныш ұйқысына да әкелер жауапты. Тағы да қайталап айтайын, бұл ретте алдымен өзіме, кейін жігіттерге отбасы, әулет, қала берді қоғам алдында үлкен жауапкершілік артылғанын әркез еске салып отыру үшін жұмыстанамын.

– Ал сайтыңыз несімен ерекше?

– Сайтта 5 айдар бар: Алаштың әлдиі, Тілашар, Алаң, Педагогика, Психология. Тағы "Әкемен әңгіме" атты арнайы жоба жұмыс істейді. "Алаштың әлдиі" айдарынан осыған дейін көп тарала қоймаған немесе мектеп оқулықтарында әлі күнге дейін жарияланбай келе жатқан Алаш арыстарының шығармалары (өлеңдер, математикалық тапсырмалар, аңыз-әңгімелер, жұмбақтар, мақалдар, жаңылтпаштар, т.б.) ұсынылады. Педагогика мен психология түсінікті шығар. "Тілашар" айдары әкелердің балаларымен тікелей жұмыс жасауына арналған. Кешке үйіне келген әкелер арнайы ұсынылған тілі жеңіл, оңай оқылатын, мағыналы шығармалар арқылы балаларымен бірге жұмыстанса болады. "Алаң" айдарында қоғамдағы өзекті тақырыптар сөз болады. Мүмкін ол мектеп оқулықтарындағы олқылықтар, мүмкін телеарналардағы жас буынның тәрбиесіне кері әсері бар бағдарламалар дегендей. "Әкемен әңгіме" атты арнайы жобада қоғам алдында жүрген құрметті адамдар ұрпақ тәрбиесіндегі өз тәжірибелерімен, естеліктерімен бөлісіп, отбасын барынша берік сақтауға қатысты жайттарды сөз етеді. Одан бөлек, құжаттарға арналған бөлім жұмыс істейді. "Алтын сандық" деп аталған бұл жерден кез келген оқырман балаларға арналған пайдалы материалдарды (әңгіме, тақпақтар т.б.) тегін жүктеп алып, таныса алады. Отбасы, тұрмыс-тіршілік мәселелерінде тегін кеңес беріп отыратын бір заңгерді арнайы бекітсек деймін. Қысқаша осылай.

– Сайттың бүкіл жұмысы жалғыз өзіңізге ауыр емес пе?


– Техникалық мәселелерін тегін реттеп берген жігіттер бар. Алматылық бір дизайнер жігіт логотипін арзан бағаға жасап берді. Операторлық істерге көмектескен достарым бар дегендей. Өзі шаруа деген осылай жалғаса береді екен. Әлбетте көп еңбек әрі қаражат керек. Бірақ қаржыдан бұрын сайттың жұмыс барысын асықпай бақылап көрсем деймін. Егер сайттағы материалдар оқырман тарапынан жақсы қабылданып жатса, ойға алған келесі қадамдар бар. Пісіп тұрған бірқатар жобаларым да дайын. Тіпті сайттың дизайнын арнайы жасатсам деймін. Алаш арыстарының кей шығармаларын, қазақ халқының салт-дәстүріне қатысты жазбаларды орыс, мүмкін ағылшын тілдерінде де аударып ұсынбақ ниеттемін. Мұның барлығы да қоғамға қажет.

Осы ретте айта кетейін, аталған тақырып төңірігінде бірігіп жұмыс жасаймын деген еріктілер болса, тек қуанамын. Бірақ миллиондап пайда әкелетін жоба емес. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: "Адамнан туып адам ісін етпей, Ұялмай не бетіммен көрге барам", – дейді. Бұл – ағартушылық бағыттағы жұмыс. Күні-түні кітап ақтарып, көз майыңды тауысып, компьютер алдында сағаттап монтаж жұмыстарын жасау да оңай емес. Алайда руханият ісі бәрінен де маңызды екенін әуелден түсінгендіктен көп дүниеге ыждаһаттылық танытып, сабыр сақтай білу керек деп білемін. Әйтеуір түптің түбінде қазақ балалары үшін жасалып жатқан іс екенін әркез есіңе алған сайын қалған кедергілерге мән бермеуге тырысасың.

– Ісіңізге сәттілік тілейміз! 

– Рақмет! Сізге де сәттілік серік болсын!

Оқи отырыңыз:

Рэпер Жан Ахмадиев Алматының көшесінде тұрған Шымкенттік жезөкшелерді қамшымен сабады

Орталық Азиядағы ең көне түрме — атышулы "Таштүрме" қиратылады

Мемлекет басшысы Ресей Президенті В.Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады