Қазақ гейлері қайда тығыларымызды білмейміз - ЛГБТ мүшелері ұлтшылдық туралы сөз қозғады - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақ гейлері қайда тығыларымызды білмейміз - ЛГБТ мүшелері ұлтшылдық туралы сөз қозғады

Қазақ гейлері қайда тығыларымызды білмейміз - ЛГБТ мүшелері ұлтшылдық туралы сөз қозғады

Еліміздің ЛГБТ мүшелері ұлтшылдық пен сексуалдық арасындағы дау туралы ой қозғапты.

  • 16 Сәуiр 2018
  • 649
Фото - Caravan.kz

Осы мақаланы оқитын оқырман қауымның басым көпшілігі – қазақтар. Шыны керек, қазіргі прогрессшіл, батысшыл жастардың арасында қазақ деп, басқа деп бөлуге, я болмаса оқшаулануға деген құлшыныс бәсеңдеп келеді. Алайда, ұлт мәселесі қазақ ЛГБТ қауымының ішінде ерекше маңызды екендігін жоққа шығару және ағаттық, деп жазды  kok.team порталы. 

Көпшілік арасында Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері 25 жылда түк те өзгерген жоқ деп түңілу сәнді. Алайда, шын мәнінде осы 25 жылдың ішінде Қазақстанда өзгермеген еш нәрсе қалған жоқ. Олардың ішіндегі ең маңызды өзгерістердің бірі – ұлт мәселесінің қоғамдық санада нық орнығуы. Осы күнде дастархан басында болсын, әлеуметтік желіде болсын, тіпті Парламенттің мінбелерінен «қазақ мынандай болуы керек, анандай болмауы керек» деп көлгірсіп жататындар тым көп. Біздің соңғы кезеңдегі мәдени қақтығыстарымыз да осы қазақ болмақ не деген сауалдың айналасында шоғырланып қалды. Оның ішінде «ұятменнің» фольклордың бір бөлігіне айналғаны тағы бар.

Содан, қазақ гейлер қайда барып тығыларымызды білмейміз. Қазақ болғымыз да келіп барады, гей болмаудың да жолы жоқ. Ал екеуі де болайық десек, ел ағалары ондайға тіпті жол берер емес. Ұлтшылдықтың еркекке, әйелге, балаға беріп һәм бекітіп қойған, өзгермес рөлдері бар екен. Алдың жалын, артың мұз жағдайда қалып қойдық. Бұл тығырықтан шығар жолды табу үшін алдымен ұлт дегенді түсініп алған жөн шығар.

Қазақ санасында ұлт сөзі ерекше киелі. Ол үшін өлсе де болады, түн ұйықтамай, күн күлкіден айрылып меһнат қылса және болады. Біреудің қолы бірдеңеге жетіп жатса, біреу рингке шығып жұдырығын едіреңдетсе, енді біреу мұзда сырғанаса, барлығын да осы ұлт үшін істейді-міс. Себебі ұлт – бірінші кезекте саяси құрал. Адамдарды өз айналасына ұйыстыра алатұғын ең тиімді құрал деп айтсақ та артық кетпейміз. Ал адамдарды ұйыстыру үшін, тоғыстыру үшін, бұл идеология адамдарды бірдей ойлауға, бірдей әрекет етуге, тіпті түрлерін де бірдей етуге шақырады (бұл жерде 91-дің шаш бояп, ұлтқа «сатқындық» қылғанын есіңізге түсіріңіз). Бұның бәрі дұрыс болар еді, егер ұлтшылдық негізіндегі мобилизация бізге иненің ұшындай ғана пайда әкелсе. Алайда, 21-ші ғасырда ондай мобилизация зиян әкелмесе, пайда әкелмейді.

Кезінде мемлекеттің мемлекеттен артықшылығы жұмыс күшін тиімді ұйымдастыруда болатын. Экономиканың басты қозғаушы күштерінің бірі ол жұмыс күші еді. Ұлтшылдық та осы негізден тамыр алды. Ал қазір, Астанадан шыға берсеңіз болды, тиімділік ойлаған кәсіпкерлер 250 адамды жұмыспен қамтыған ескі зауытты бұзып тастап, 5 адам жұмыс істеп, 5 есе көп өнім шығаратын зауыттарды әкеліп, қойып жатыр. Өнер білім бар жұрттар бұл процессті әлдеқашан бастап кеткен.


Содан айтарымыз мынау: тауық білгенін шоқиды деп, қазақ сол баяғы ұлтшылдыққа қайта жүгінді. Барлығымыз бірігіп, Күлтөбенің басында енді бір жиын өткізіп жіберсек, барлық жағдай оңалып, 50 ел ма, 20 ел ма кіре береміз, кіре береміз деп ойлаймыз. Өкінішке орай, шындық мүлдем басқа. Ендігі жол адам, оның интеллектуалды әлеуеті, тұлға деген ұғымдармен төселген. Трагедия да сонда, бізге үйреншікті ұлтшылдық нақ осы ұғымдарға қарсылық етіп, оны тежей түседі екен.

Содан, қазақ гей бола тұра мен мынадай ұйғарымға келдім. Ұлтты сүюде тұрған еш ағаттық жоқ. Мен өз мәдениетімді, өз тілімді сүйемін. Алайда, осы сүйіспеншілікті қол жинау үшін қолданбаймын. Қазақ мен үшін сұр киіз емес, құрақ көрпе. Құрақ көрпенің әр қиындысы қызылды-жасылды болмаса, оның әсемдігі неде? Ендеше менің гей болғандығым да осы құрақ көрпеге тігіле кетеді, үйлесе кетеді. Ұлт пен сексуалдылықтың арасындағы даудың мәмілесі де осы болса керек. Өз болмысыңнан безбей, құрақ көрпенің әр оюынан, әр гүлінен ләззат ала білсек, қазақ болу да сол болар.

 

Ұқсас тақырыптар: 

Еліміздегі гейлердің 990 мыңы қазақтар.
"Гей екенімді біліп, анам жылап қалды"
Еліміздегі гейлер сайты қазақ тілін жарылқамақшы