«Бұлай қарызданатының бар, той жасамауың керек еді»: Қазақ жігіті тойға кететін шығынды есептеп берді - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Бұлай қарызданатының бар, той жасамауың керек еді»: Қазақ жігіті тойға кететін шығынды есептеп берді

«Бұлай қарызданатының бар, той жасамауың керек еді»: Қазақ жігіті тойға кететін шығынды есептеп берді

Әлеуметтік жағдай үйленуге кедергі ме? Қазақстанда үйлену тойын өткізуге қанша теңге жұмсалады? Қарызбен жасалған той жас отбасыға қалай әсер етеді?

  • 11 Мамыр 2018
  • 8158
Фото - Caravan.kz

 Baribar. kzсайтына той ұйымдастыру агенттігінің қызметкері, 25 жастағы Санат есімді кейіпкер өз оқиғасымен бөлісті.

Жеке пайымдауымша, жігіттердің үйлену керек мерзімі – 21-22 жас. Себебі үйлену кез келген жігітті бозбалалық шақтан жігіттік кезеңге өткізеді. Үйленгенде ер баланың бойында бірнеше жауапкершілік пайда болады. Соның ең үлкені: отбасын асырауы қажет. Бала дүниеге келгенде, жауапкершілік екі есе артады. Осыдан-ақ егер бала саналы болса, қазақы тәрбиені бойына сіңірген болса, оның автоматты түрде ер жетпеске амалы қалмайды.

Бұрын 25 жастағы ағаларымызға қарасақ, әжептәуір ересек, кесек болып көрінетін. Неге? Өйткені олардың cол кезде кем дегенде екі баласы болатын. Ал біздің жасымыз 25-ке келсе де, бойымыздан бозбалалық арылмаған. Жігіттердің көбі өзі қалмағандықтан емес, бірнеше кедергілер әсерінен үйлене алмай жатады. Соның ең басты факторларының бірі – әлеуметтік жағдай.

Үйдің кенжесімін. Ағаларым, әпкелерімнің өз отбасылары бар. Ал ата-анама “мен үйленемін, той жасаңдар” деп айта алмаймын. Себебі барлық жағдайға өзім куәмін. Амал жоқ (бәлкім бұл дұрыс та шығар) тойдың шығынын көтеру – менің мойнымда.

Қазіргі таңда ешкім, әсіресе қыздар тойын қарапайым өткізгісі келмейді. “Анадан менің тойым жақсы өту керек” деген ішкі жарыс бар. Бұл, әсіресе, қыз балалардың бойынан көп көрініс тапқаннан кейін, сәйкесінше қасындағы еріне, жігітіне салмақ салады. Қызының әңгімесінен кейін, өздерінің тойы сондай болу керегін іштей сезінеді.

Теңгенің құны түскендіктен, дәл қазіргі сәтте той жасау өте қиын болып тұр. Жақында бір досым үйленді. Ең аз шығын шығардым дегенде, тойын 1,6 млн теңгеге жасап шықты. Бұл сомаға не кірді: олар қыз ұзату тойын жасаған жоқ, бар ақшаны тек мейрамхана мен киітке жұмсады. Той алдындағы қыдыру, құдалық т.б. болмады.

Мейрамхана үшін кем дегенде 1 млн теңге жұмсайсың

Қазіргі уақытта Алматыдағы төменгі деңгейдегі мейрамханаларда бір адам үшін 6,5 мың теңгеден төлеу керек. Ал ең қымбаттары жан басына 95 мың теңгеге дейін бағаланады. Орташа деңгейдегі мейрамханаларда баға шамамен 13 мың теңгені құрайды. Қазақ тойға қанша адам шақырады? Жоқ дегенде, 100-150 адам тойда отыруы керек. Той жасаймын десеңіз, жай ғана мейрамхананың құнына осылайша 1 млн теңгені төлеп кетесіз.

Студент кезімде орыс жігітімен бірге жұмыс істедім. Ол тойына 35 адам шақырған екен. Таң қалдым. Оларда кей қонақтар конвертке 1000 теңге, тіпті 200 теңге салып, “тойыңа” деп береді екен. Біз адамды көп шақырамыз десек те, қайтарымы да жаман емес қой. Халықымызда “анау менің тойыма осынша берген, мен де сондай беруім керек” деген түсінік қалыптасып кеткен. Орыс досымның айтуынша, көп кісі шақырған біз аса қатты ұтылмайды екенбіз.

Қазақтар үшін тойға келетін қонақтардың идеалды тізімі 200 адам деп ойлаймын. Үйленіп жатқан жігіт неліктен қонақтар тізімін өзі басқара алмайды? Біріншіден, бұл  – ұлттық тәрбие. Ата-ананың қалауынан бас тартуға болмайды. Екіншіден, ол тойды несие алса да түгелдей әке-шешесі жасап жатуы мүмкін. Онда бірдеңе деуіңнің өзі артық.

Тойдың жалпы шығыны қанша теңгені құрайды?

Шамасы келсе, жігіттің тойды өзі жасағаны дұрыс. Бұл – оның әке-шешесіне үлкен көмек. “Тарта жесең, тай қалады” дейді ғой. Бұл рас. Егер ұнатқан қызың болса, үйленуді жоспарласаң, онда 100 мың теңгелік жалақыдан да үнемдеп отырып, тойға ақша жинауға болады. Бірақ ол үшін кем дегенде артық шығын, ырду-дырдусыз, жұмыс істеумен өтетін екі жыл қажет. Бәлкім, жақындарың көмектесер.


Қазіргі уақытта орташа деңгейдегі тойды өткізу үшін шамамен 3 млн теңге қажет. Шығындар тізімі шамамен төмендегідей: 

  • Мейрамхана – 800 мың-1 млн теңге
  • Мейрамхананы безендіру – 100 мың теңге
  • Музыкалық аппаратура, лед-экран – 100 мың теңге
  • Асаба қызметі – 100-300 мың теңге
  • Видео, фото қызметтер – 150-300 мың теңге
  • Киіт, құдалық – 500 мың теңге
  • Сырға, неке жүзіктері – 200 мың теңге
  • Қыздың той көйлегі: жалға алу – 60 мың теңгеден басталады, сатып алған жағдайда – 200 мың теңге;
  • Жігіттің костюм-шалбары – 25-50 теңге

Тойға қатысты салт-жоралғының саны артып барады

Әр елдің салты, дәстүрі біздің халықтікіне де кірігіп бара жатқандай. Мысалы, дәл қазіргі уақытта оңтүстік аймақта құдаларды екі рет күтеді: бірі үйде, екіншісі кафе-мейрамханаларда. Бұл кейіннен қосылған “салт” екен. Бұрын сырға салу жоралғысы да жиі орындалмайтын. Қазір міндетті. Қалың мал бағасы да жыл өткен сайын артып барады. Келін болып түскен үйіне қыз түгелдей жаңа киімімен баруы керек. Оның ішіне төрт мезгілдік киімдер, тіпті кешкі сәндік көйлектері де болуы шарт. Жақында семейлік жігіттің Қызылорданың қызына құда түсу рәсімін атқардық. Киіт үшін үлкен кісілер арасында кикілжін пайда болды. Сірә, салт-дәстүрдің бұлай сақталғанынан, сақталмағаны абзал шығар.

Тойды қарызға жасау – жас отбасының берекесіздігіне себеп

“Орташа айлық табыс” деген ресми статистикаға сүйенбей-ақ қояйық. Оның шындыққа жанаса қоймайтынын көбіміз білеміз. Қазіргі уақытта орта деңгейдегі жігіттер шамамен айына 100 мың теңге табыс табады. Өте аз. Егер оның басында баспанасы болса, тойға ақшаны өзі жинауына мүмкіндік бар. Ал егер пәтер жалдаушы болса, тығырыққа тірелді деген – осы. Үйленемін деген жігіт үшін тек бір ғана жол қалады. Ол – несие алу. Егер айлығың 100 мың теңге болса, оны да алу оңай шаруа емес.

Біздің бағымызға орай, үйлену тек бір адамның мойнындағы жүк емес. Кезінде бір үйде бірнеше баланың болуы да сол себепті деп ойлаймын. Барлығы бір-біріне қарасады, жәрдемдеседі.

Қарызбен жасалған той жас отбасының берекесіздігіне себеп болады. Көп жағдайда қыздар түсіне алмай жатады. “Бұлай қарызданатының бар, той жасамауың керек еді” деген сөздер шығады. Ұрыс-керіс ажырасуға дейін барып жатады. Қазіргі ажырасулардың негізгі себебі де материалдық жағдай деп ойлаймын. Отбасы тек махаббаттан тұрмайды дегенді де ескеру керек.

Той жасалуы тиіс. Біріншіден, түскен келіннің абыройы өседі. Елдің қаңқу сөзінен ада болады. Екіншіден, жас жұбайлар тойға келген халықтың батасын алады.

Болашақ жарымның түсінігінде тойдың ауқымдылығы маңызды емес. Бастысы, оның аталып өтілуі. Жеке түсінігімде, бұл – шаңырақ көтергелі отырған жастардың өздеріне жасаған үлкен көмегі. Ертең осы қанағатшылдықтарына өкінбей, керісінше шүкір айтады деп ойлаймын.

Оқи отырыңыз:

«Басын айналдырып алған»: Танымал әзілкеш өзінен кіші жігітке тұрмысқа шықты 

Қазақстанның сыртқы қарызы 14 триллион теңгеден асып жығылды