Канн кинофестивалінде "жылдың үздік әйел рөлі" номинациясын жеңіп алған Самал Еслямова жайлы, оның ата-анасы, балалық шағы туралы ақпарат аз.
Sputnik Қазақстан тілшісі актрисаның әкесі Ілияс Еслямовтан экслюзив сұхбат алды. Актрисаның ата-анасы егде жастағы кісілер екен. Әкесі алдағы желтоқсан айында жетпіске толса, анасы қазір алпыс тоғызда. Олар Петропавл қаласында тұрады.
Алты жылдан кейін көрген кенже қызым
Айта кетерлігі, БАҚ Самал Еслиямованың туған жылы, туған жері мен енді жарқырап келе жатқан карьерасының тарихы жайлы ғана жазып жатыр.
Біз актрисаның әкесінен факт емес, естелік сұрап хабарласқанда, Ілияс ата қызының бақытты балалық шағын есіне алды.
"Біздің екі қызымыз бар.Үлкен қызымды үйленген соң үш жылдан кейін, екінші қызым Самалды алты жылдан кейін барып бауырыма алдым. Самал кенже қызымыз. Осындай екі қыз беріп, бақытты әке еткен Аллаға шүкір. Әрбір ата-ана секілді екеуіне қолымыздан келгенше жақсы тәрбие бердік".
Өжет Самал, өткір Самал, өтімді Самал
Әкесі Ілияс Еслямовтың айтуынша, Самал "әкемнің ұлы боламын" деп тентектеу өскен қыз екен. Әкесіне қолғабыс етіп, дала шаруасына көп араласқанын айтып отыр.
"Қарап отырсақ, Самал сондай өткір, өтімді, өжет қыз болып өсіпті. "Папамның ұлымын" деп атқа мініп, мал қайыратын. Орманшы болған кезімде жазда арба, қыста шана жегіп, жанымда жүретін. Шыны керек, ерке, ойына келген дүниені істемей қоймайтын бала болды".
"Самалды оқытатын қаражатымыз жоқ еді…"
Мектепте жақсы оқыған, ұстаздардың алдында беделі бар, өнері мен талабы үшін көпке сыйлы Самал "ә" дегеннен оқуға түсе алмаған.
"Ауылда онжылдықты аяқтаған соң, қалаға кетті. Негізгі мақсаты, арманы журналист болу еді. Бірақ, ол мамандық бұйырмады. Бар-жоғы бір-екі балл жетпей, грантқа іліне алмады. Ал, ақылы оқытуға шамамыз жетпеді. Ол кезде, 2000 жылдардың басында ел дағдарысқа ұшырап, ауыл-аймақ адамдары жұмыстан қысқартуға ілінген, ақша жоқ, қиын жылдар еді", — дейді қызын оқуға ақша таба алмай қысылғанын еске алған әке.
Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді
Қызы грантқа іліне алмаған соң, әкесі екеуі ауылға қарай жинала бастапты. Бір кезде Ілияс атаның жолдастары хабарласып, Петропавлдың Өнер колледжінде жаңа факультет ашылғанын айтыпты.
"Қызың өнерге жақын, факультет биыл ғана ашылған, барып көріңіздер" деген соң, кеш батса да сол колледжге жол тарттық", — дейді Ілияс Еслямов.
Бұйырып тұрған болар, Самал мен әкесі құжат тапсырып үлгереді де ертеңінде Самал шығармашылық емтиханға ең алғашқы адам болып кірген.
"Көп үміткерлердің арасынан төрт қыз іріктеліпті. Соның бірі – менің Самалым екен. Актриса мамандығын оқуына еш қарсылық танытқан жоқпын".
"Тюльпаннан" тапқан қаражатына бізді қалаға көшіріп әкелді"
Самал колледждің үшінші курсында "Тюльпан" фильмінің кастингіне қатысып, басты рөлге ие болған.
"Фильмге түсіп келген соң, 2004 жылы бізді қалаға көшіріп әкелген де осы қызым. Әйтпесе, жолдасым екеуміз ауылда, елдің шетінде тұратынбыз".
"Отыздан асқан қызыма не деп ақыл айтамын!?"
Әр ата-ана сияқты, Ілияс және Гүлмайра Еслямовтар қыздарының тұрмысқа шығып, бала сүйгенін қалайды. Ал, егер Самал шетелге кетіп, карьера мен өмірін басқа жерде жалғастырамын десе, әкесі қарсы болмаймын дейді.
"Актриса болуына қарсы болған жоқпын деп айттым ғой. Ал, тағы да белес бағындырамын деп, шет елге кетемін десе, отыздан асқан қызға кетпе деп ешқандай ақыл айта алмаймыз. Бірақ, Самалымның шетелге кетіп қалатын ойы жоқ екенін жақсы білемін. Ол елге келіп, қалған өмірін қазақ жерінде өткізгісі келетінін білемін".
"Қызым туралы көп сөз естіп жатырмыз"
"Самал Канн жүлдесін алғаннан бері көп сөз естіп жатырмыз. Тілекші ағайыннан басқа, "баяғыда мен түсейін деп тұрған грантқа түсіп кетті" немесе "қазақ тілін білмейді екен, орыстанып кеткен" деген сөздерді де естіп жатырмын. Бірақ, қызым қазақ мектебін тауысқан, үйде де ұлттық тәрбие алды. Оның бойында қазақи тәрбие мен өркениеттің білімі қатар тұр. Ол енді менің қызым ғана емес – елдің қызы. Тек бақыт пен береке тілеймін", — дейді сөзін аяқтаған Ілияс Еслямов.
Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық актриса Самал Еслямова 71-ші Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған болатын. Актриса 1984 жылдың 1 қыркүйегінде Петропавлда туған. 2011 жылы Ресей театр өнері университетінің актер факультетін бітірген.
Оқи отырыңыз:
«Екі ұлым келіндердің айтқанынан шыға алмады»: Қайыршы ата қалай жалғыз қалғанын айтып күрсінді
2017 жылы Қазақстанда ұл балалар көп туды – статистика
Елімізде қабірге биік құлпытас пен зәулім кесене орнатуға тыйым салынды