Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.
«Орман және дала өрттерi — қазiргi таңда кең таралған проблема. Жыл сайын олардың саны артып келедi. Мысалы, 2016 жылмен салыстырсақ, өткен жылы орман қорында 2 есе көп өрт тiркелген. Өртенген аумақ 5 есеге артып, материалдық шығын 7 есеге дейiн өскен. Дала массивiндегi өрттердiң де саны артқаны белгiлi. Олардың жалпы аумағы 850 мың гектарға жетiп отыр. Биылғы жылы өрт қаупi жоғары», — дедi Үкiмет отырысында Қасымов.
Министрдiң айтуынша, жыл басынан берi көктем уақытында 45 орман және 4 дала өртi орын алған. Өртенген жердiң жалпы аумағы 10 мың гектардан асқан, ал материалдық залал 4,4 млн теңгеге жеткен.
«Алдағы болжам бойынша орташа температура +30 градусқа дейiн көтерiледi. Ал, елiмiздiң оңтүстiк, шығыс және батыс бөлiгiнде жер құрғап, жауын-шашын аз түседi, ауа температурасы +41 градусқа дейiн көтерiледi деген болжам бар. Бұл әрине орман және дала өрттерiнiң артуына әсер етедi. Жергiлiктi жерлерден келген есеп бойынша барлық өңiр орман және дала өрттерiне қарсы профилактикалық шараларды бастап кеткен», — дедi Қалмұханбет Қасымов.
Еске сала кетсек, кеше Шығыс Қазақстандағы Краснокардонский орман аймағында iрi өрт болып, тiлсiз жаумен жүздеген адам және бiрнеше техника күрестi.