Шетелдік еріктілер ауылдағы балаларға ағылшын тілін үйретеді - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шетелдік еріктілер ауылдағы балаларға ағылшын тілін үйретеді

Шетелдік еріктілер ауылдағы балаларға ағылшын тілін үйретеді

Нұр Отан партиясы Қазақстан ауылдарындағы балаларға ағылшын тілін үйрету үшін шетелдік волонтерлерді шақырды.

  • 14 Маусым 2018
  • 52
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды. 

«Елімізде, әсіресе ауылдық жерлерде ағылшын тілін үйрететін мамандар тапшы. Осы орайда, «Нұр Отан» партиясы 2018 жылы «English for zhastar» жобасын іске қосты. Жоба аяында ағылшын тілін білетін қазақстандық және шетелдік студенттерді волонтер ретінде шақырамыз және ауылдық жердегі балаларға сабақ беруді ұсынамыз. Себебі, Алматы мен Астанада, ірі қалаларда тілдік курстар жұмыс істейді, репетиторды табу оңай. Ауыл балаларының да бәсекеге қабілетті болып, шетелдік ЖОО-да заманауи білім алуы үшін шетелдік еріктілерді ауылға жіберуіміз керек», — деді «Нұр Отан» партиясының орталық аппараты Саяси жұмыс депаратментінің директоры Данат Жумин.

Оның айтуынша, алдағы екі жылда тәжірибелік мақсатта 500 адамды жобаға шақыру көзделген.

«2018 жылы 150 адамды шақырамыз, оның 50-і — шетелдіктер. Қазір Еуропа, АҚШ-тағы ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, сұхбаттар өткізудеміз. Себебі, балаларға кез келген адамды жібере алмаймыз, еріктілер ағылшын тілінен ғана емес, педагогика саласынан да хабардар болуы тиіс. Қазір партияның өңірлік филилардарына сауал жолдадық, қай өңірге ағылшын тілі маманының көбірек қажет екенін анықтаймыз. Биыл республиканың 14 өңіріне 10 адамнан жібереміз және мамандардың қалай жұмыс істейтінін бақылап көреміз», — деді департамент басшысы.

English for zhastar — ерікті жоба, яғни Қазақстанға келгісі келген шетелдіктерді жатын жаймен және тамақпен ғана қамтамасыз етіледі. Және олар өз қаражатына ұшып келуі керек.


«Волонтерлық болғандықтан, оларға жалақы да төленбейді. Бірақ, қазірдің өзінде тіл мұғалімдерін өз үйіне жатқызып, тегін тамақтандырғысы келетін ауыл тұрғындары көп. Олар волонтердің өз балаларымен көбірек уақыт өткізгенін қалайды, тіпті арнайы бөлме беруге де дайын», — деді Данат Жумин.

Еріктілер алдағы оқу жылынан бастап, Қазастан ауылдарында сабақ береді.

«Волонтерлық жұмыс Батыста жақсы дамыған. Олар Азия, Орталық Азия, Шығыс елдерінде тұрып көргісі келеді, танымын кеңейткісі келеді. Ол жақтың халқына пайдасын тигізіп, көмектескісі келеді. Қазіргі уақытта 30 шетелдік Қазақстанға келуге, балаларға ағылшын тілін үйретуге тілек білдірді. Олармен сұхбат жүргіздік. Тамыз айының ортасында жаңа оқу жылына Қазақстанға бірінші топ келеді», — деп өз сөзін түйіндеді Данат Жумин.