Қазақстанда жұмыс бабымен жүрген қытайлар үшін алаңдаймын - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-6 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанда жұмыс бабымен жүрген қытайлар үшін алаңдаймын

Қазақстанда жұмыс бабымен жүрген қытайлар үшін алаңдаймын

Қазақстанда жұмыс бабымен жүрген қытайлар үшін алаңдаймын.

  • 3 Шiлде 2018
  • 344
Фото - Caravan.kz

Қытайдан келгенімді айтсам болды, жергілікті ағайынның маған қоятын бір-ақ сұрағы бар. Елге оралғаныма жиырма жылға таяу уақыт болды, сол сұрақ мені әбден мезі етіп жіберді. Ол сұрақ, мен ғана емес, бүкіл Қытайдан келген қазақтың бәрінің алдынан шығатынын да айналамнан естіп, ашуым келетін. Соңғы жылдары жолда кездесіп, сапарлас болған жандармен жөн сұрасқың келмейтін күйге жеттік. Себебі, ана сұрақты тағы қоя ма деп, қорғанасың…

Сонда, ол сұрақ не дейсіз ғой?!

«Қытайда жағдай жақсы деді ғой, сол жақта неге жүре бермедіңіз?!».

Құдайға тәубе, қазір бұл сұрақ маған қойылмайды. Ерінбей, арғы беттен келген таныс-білістерімнің әлде нешеуінен сұрап шықтым. Жоқ, олар да бұл сұрақты естімейтін болғандарын айтып, қуанды.

Соңғы бірер жылдың көлемінде «Қытайдан келгем» десең болды, есесіне, жергілікті туысқандар «Ойбай, Қытайдағы қазақтардың жағдайы қиындап кетіпті ғой. Жер деген жетеді ғой, неге түгел көшіп келіп алмадыңыздар мұнда! Мұнда келіп алса, әйтеу тыныштық қой, өз Еліңе жететін не бар?!»деп, онсыз да езіліп тұрған қолқа-жүргегіңді солқ-солқ еткізетін болды! Ары қарай,«Біздің билік те…» деп, біразға кетеді әлгі ағайын…

Қысқасы, «Қытай» десең, қазір қазақ орнынан атып тұратын болды. Қорқып емес, кектеніп, жұдырығын түйіп, тісін қайрап! Себебі, қазір қазақ қоғамы қытайды әбден таныды, білді, кім екеніне көздері нақ жетті.

Сонда, танытқан кім?!

Әрине, «қытайтанушылар» емес, Қытай үкіметінің өзі!

Қазір қазақтың Қытайға деген ашуы мен кегінің Теміртаудағы болат қорытатын домна пештердей қайнап, қып-қызыл жалын шашып тұрған шағы. Қазақ намысының оянып, қызыл сызыққа жеткен кезі.

Қазақты осы күйге жеткізген кім?!

Әрине, біз емес, Қытай үкіметінің өзі!

Соңғы екі жылдың көлемінде Шыңжаң өлкесіндегі түркі тектес мұсылман ұлттарға жүргізіп жатқан Қытай үкіметінің адам төзгісіз қысымы мен қинауы бүкіл дүниенің назарын аударып, әлемдік БАҚ-тың басты һәм маңызды тақырыбына айналды. Алысты қойып, әлеуметтік желілердегі (WhatsApp, Facebook, Instagram…) өзіміздіңжұрттың пікірін, жанайқайын естіп, жаныңды қоярға жер таппайтын жағдайға келдік.

Шыңжаңдағы оқиға аз болғандай, Қазақтанда жүрген қытайлардың өктем пиғылы жұрттың ашу-ызасын одан ары қоздыра түсті. Өзі әрең тұрған халықтың қанын басына бір-ақ шығарды.

Нақтылап айтсақ, Лин Вейцзй және Чю Щяопи атты ерлі-зайыпты қытайдың Гохай атты ұлына Ұлжан есімді қазақ қызға сырға тағып келіп, қыз ұзату тойын жасамақ болуы – өзі лапылдап тұрған өртке май құя түсті. Әлеуметтік желілерде желдей ескен бұл келеңсіздікті естіген қазақтың наркескен жігіттері той өтетін күні той болатын ресторанға жиналды. Қазақтың қаһарынан қорыққаны соншалық,  Алматы мен Алматы маңындағы бір де бір ресторан мен кафелер бұл тойды өткізуден бас тартыпты.

Алматыдағы ресотрандардың бірінде жұмыс істейтін қазақтың жұдырықтай жігітті Әмина атты қазақ қызына қырындаған тағы бір қытайды жүнше сабап орнына қойғаны жайлы видио тарады.

«Бір емес, он қытайды алып кетсем де ризамын, түрмеде шіріп өлейін! …Мен қазақтың баласымын! Қазақтың ұлымын мен! Қытайдың қазақтарды алып, қазақты сайқымазақ қылғанын мен қаламаймын! Әне, Әмина деген қыздарың болды, мен қанша рет айттым, ей, қарындасым, сен бір ауыз сөз айтшы осы қытайға! Жаныма жолама, маңайыма келме десең, мен ол қытайды тиіспеймін дедім. Кеше, ондай ойда болған жоқпын,  қарындасым ретінде бетінен шымшып, сыйпалап ойнағанға қытай маған тіке ұмтылды. Содан кейін сол жерде қытайдың к..ін айырып тастадым. Керек болса, өлтіріп тастайтын едім, тәтелер біледі, ұстап алды, мен пышақты алып, бауыздап тастайын дегем! Қаным сондай басыма шапты! Өйткені, аз ғана қазақты мынау секілді қай-қайдағы бір пәтуасы жоқ адамдарға мазалатып, іріткі салуын мен қаламаймын! Мен бұл жерге қарап қалған жоқпын! Маған бес жүз мың, алты жүз мың теңге берсе де мен істемеймін! …қазақтың туы дедім бе, қазақтың намысы дедім бе, любой қытайы келсін,  орысы келсін, мен қазақ үшін тұрып берем! Қазақ үші мен кеудеме оқ тиетін болса, мен риза болып өлем! Дінім үшін, ұлтым үшін өлсем, мен ризамын!!!» деді жас жігіт буырқанып!

(Әрине, қарындасын жат жұртқан қызғанған жігіттің ашу-ызасын түсінуге болады. Патироттығын да құптауға дайынбыз. Бірақ, сабырлы болуын қалаймыз. Қытайдағы қазақ мәселесі аз айтылып жатқан жоқ. Міне, кезекті рет тағы жазып отырмыз. Қызуқандылыққа бой алдырмауын өтінеміз жас жігіттің!)

Естісек, жоғарыдағы жігіттің видиосы тарала салған күннің ертесі ашуға булыққан қазақтың жігіттері жиналып, оқиға болған жерге лап қойған. Құқық қорғау органдарының араласуымен таяқ жеген қытай азаматының паспортына қара таңбабасылып, еліне депортацияланыпты.


«..,менімен ерегесіп, төбелескен қытай азаматы еліне қайтарылды. Заң жүзінде бәрі оңтайлы шешімін тауып, осындай тамаша сәт болып тұр. Сол үшін барша Қазақтстан азаматтарына, ер азаматтарына рухымыз өшпесін, қазағымыздың мәртебесі биік болсын дегім келеді. Мұндайда біздің артымызда бізді сұрайтын, бізді іздейтін азаматтардың барлығына біздің көзіміз жетті және сол кісілер тұрғанда біз ешнәрседен қорықпауымыз керек!» дейді, біздің манағы қытайды сабап, елден қуып шығуға ықпал еткен арыстан жүректі бауырымыз кешегі уақиғаға түсініктеме берген екінші бейнежазбада. Өзі ол ресторандағы жұмысынан кетіпті. Қасында бірге істейтін намысты қыз-жігіттерде ол жұмысқа қолдарын бір-бір сілтеп, бірге кеткен көрінеді.

Сөйтіп, қытайдың бір тойы діттеген жерінде өтпей қалды. Қазақ қызға қырындағыш қытайдың саны бірге болса да азайды, ит болып елден қуылды!

Бұл – қытай-қазақ арасында туындаған келеңсіздікке байланысты алғашқы жеңістер!

Көріп отырсыздар, қазір әрбір қазақ баласы жоғарыдағы батыр бауырымыздың күйінде жүр. Қазақ үшін жер мен жесірдің дауынан өткен оқиға жоқ. Осы екеуі үшін қазақ ештеңеден тайынбайды. Керек болса, жанын да қиюға дайын! Бүгін біздің қазақ, қайталап айтайын, қылт еткен қытайды аяйын деп тұрған қазақ жоқ! Бүкіл жұрт Қазақстандағы тіміскілеп жүрген қытайлардың сары ізіне түскен. Қай жерде қытай бар, смартфонына түсіріп алып, оларды жалпақ жұртқа жария етіп жатыр. Қытайға тиген қыздардың фотосын тауып, ата-анасының аты жөнін, туған жерін, руын түгел анықтап, әлеуметтік желілерде тартуда…

Өз елін өзге елдің келімсектерінен қорғап, реттеп отыратын азаматтық қоғам барлық мемлекетте қай кезде де болған. Ондай «ұйымдасқан күш»,  арғы замандарды қойып, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біздің елімізде де қалыптасып, өз үстемдігін жүргізгенін бүгінгі жұрт аңызға бергісіз әңгіме етіп айтып жүр. Сабр (Сабыр Мүсілімұлы), Баха фестиваль (Бақыткелді Райымбектегі), Рыжий Алмаз (Несіпбай Нәсенов), Қара Алмаз (Заманбек Нұрқаділовтың немере інісі), Атаба (Талғат Атабаев), Қанеке (Несіпбайтегі Қаныбек Нұрғазыұлы), бүгінгі көзі тірі Сабыржан (Сабыржан Махметов) атымен танылған жігіттер соның мысалы!

Бұл азаматтардың ұлтының намысы үшін күреске бел буғанымен, көбі өз ерлігін табыс табудың құралына айналдырып, қылмысқа тартылғаны да жасырын емес. Бір жағынан, тоқырау жылдарында оларды экономикалық жақтан демеп, жебеп отыратын  тұлғалар да болған жоқ қой. Соған қарамастан, олардың аты аңызға айналып, тарихта қалды.

Ал, көктуды жамылып туған бүгінгі заманның жігіттері мүлде басқа. Бұлар дүние үшін, ақша үшін күйіп жүрген жоқ, ұлтының намысы үшін басын бәйгеге тігіп, жанын шүберекке түйіп отыр. «Маған бес жүз мың, алты жүз мың теңге берсе де мен істемеймін!» деп, қолды бір сілтеп кете бергенін көріп отырсыздар. «Қазақ үші мен кеудеме оқ тиетін болса, мен риза болып өлем! Дінім үшін, ұлтым үшін өлсем, мен ризамын!» деген сөзге жай қарауға болмайды, мемлекет ойлануы керек! Бұл – басы ғана. Құқық қорғау органдарының аңдуымен, аузын басуымен мәселе шешілмейді. Біз қазір зор қорқыныш пен қауіптің алдында тұрмыз! Бар мәселе дәл осы екі оқиға секілді азаматтық қоғамның белсенділігінің түрткі болуымен заң аясында өз шешімін тауып жатса, әрине, құба-құп болар еді. Бірақ, менің оған күдігім бар. Жасыратыны жоқ, Қазақстан көшелерінде жұмыс бабымен жүрген қытайлардың қаны суша төгіле ме деп қорқам! Арысын айтпағанда, кеше ғана Елбасымыз өзі барып, Қытай басшысымен жасасып келген тоғыз келісімнің тоз-тозы шыға ма деп қауіптенем! Қытайдың Қазақстанда құрылғалы жатқан 51 компаниясының күлі көкке ұша ма деп зәрем ұшады!

Тағы қайталап айтайын, қазақ-қыйтай арасының ушығып, теке тіреске келуіне себеп болған Қытай үкіметінің өзі!

Біз қазақтар ұйғыр мен тибет емеспіз, үлкен мемлекеттің иесіміз! Ешкімнің біздің ата-бабадан жалғасқан намысымызды таптауына, Құдайдың өзі берген бостандығымызға қол сұғуына және халқаралық заңнамалармен бекітілген еркіндігімізді шектеуіне жол жоқ!!

Егер, Шыңжаңдағы қазақ мәселесі дұрыс шешілмесе, екі елде бөлініп-жарылып қалған отбасылар осы беті бір-біріне қосылмаса, Қазақстанда жүрген қытайлар қазақ ұлтын қорлауын қоймаса, бұл оттың тұтанғаны – тұтанған, лаулағаны – лаулаған!

Мәселенің дұрыс шешілуі, елімізге келген қытайлардың қауіпсіз жұмыс жасауы үшін, бірінші сәтті қадамды Қытай үкіметі жасауы – Шыңжаңдағы қамаудағы этникалық қазақтарға бостандық беруі, қандастарымыздың екі ел арасындағы қарым-қатынасын бұрынғы қалпына келтіруі  керек!

Ал, оған түрткі болатын – Қазақ Үкіметі!