Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жиынның негізгі тақырыбы – «Жасанды интеллект және цифрлық даму». Алқалы жиында Қазақстан Республикасы төрағалық етеді. Саммитте цифрлық дәуірдегі ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен басым бағыттарын жан-жақты талқыланады. Оған:
- ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары;
- Бақылаушы елдердің жоғары лауазымды өкілдері;
- Ұйымның Бас хатшысы;
- Ақсақалдар кеңесінің өкілдері;
- Түркі ынтымақтастығы ұйымдарының өкілдері де қатысады.
“Бұл бейресми саммит түркі мемлекеттері арасындағы стратегиялық диалогты өркендетудің маңызды тұғырына айналмақ. Саммиттің негізгі міндеті – жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу арқылы тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізу, мемлекеттік басқаруды сапалы деңгейге көтеру және өңірлік өзара байланысты нығайту”, – делінген хабарламада.
Ресми бағдарламаға сәйкес, Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы қарсаңында ТМҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің жиыны өтеді деп жоспарлануда.
Саммиттің Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда өтуі түркі халықтарының ортақ тарихи мұрасы мен цифрлық болашаққа деген бірлескен ұмтылысы арасындағы сабақтастықтың айқын айғағы. Бұл басқосу түркі мемлекеттері арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайтып, нәтижеге бағытталған өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтермек.