Бекшин: Той өткізерде мейрамхана сәніне емес, асханасына назар аудару керек - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бекшин: Той өткізерде мейрамхана сәніне емес, асханасына назар аудару керек

Бекшин: Той өткізерде мейрамхана сәніне емес, асханасына назар аудару керек

Той немесе сол сияқты басқа да іс-шара үшін мейрамхана таңдау кезінде оның сыртқы түрі, сән-салтанына емес, асханасына назар аудару керек.

  • 12 Шiлде 2018
  • 94
Фото - Caravan.kz

Бұл жөнінде Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы, бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Қазақтар дастарханын кең жайып, қонақты құдайындай күтетін халық қой. Біз той жасағанда, орта есеппен 200-300 адамды шақырамыз. Алайда, той иелері мейрамхана іздегенде, басты орын асхана екенін ұмытып, ең алдымен, залдың сән-салтанына назар аударады. Асханамен танысу кезінде онда білікті аспаздардың бар-жоқтығына, даяшылар мен ыдыс жуатын қызметкерлердің жеткілікті екеніне, тағамдар мен азық-түлікті сақтауға арналған тоңазытқыштың бар екеніне, жалпы, жағдай жасалғанына, асхананың тазалығына көңіл бөлу керек. Себебі, жыл сайын елімізде топтық уланулар кездеседі», — деді Бекшин.

Сондай-ақ, санитарлық дәрігер той немесе ас беру секілді іс-шаралар өткізу кезінде кей өңірлерде дастарханға қойылатын ас-дәмді үйден даярлап алып келудің кемшін тұстарын атап өтті.

«Мейрамхана әкімшілігінің рұқсат етуімен тағамды үйден дайындап алып келеді. Ал үй жағдайында кім және қандай жағдайда әзірлегені белгісіз және үй жағдайында сіз өте көп адамға арналған тағамды тиісті деңгейде сақтай алмайтыныңыз белгілі. Міне, соның салдарынан топтық уланулар орын алады. Улану жағдайларының 50 процентінде тағамды үйден әзірлеу себепші болған», — деп ескертті Бекшин.


Комитет төрағасы атап өткендей, мейрамханаларда ас-дәм іс-шара басталуынан бір сағат бұрын дастарханға қойылуы керек. Себебі, бұл жайылған дастархандағы астың бұзылып кетпеуінің кепілдігі.

Сонымен қатар, Бекшин жаз мезгілінде микроағзалар тез дамитын аса қауіпті тағамдар тобын атаған болатын.