Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 30 шілде күні сағат 03.06-да Самара-Шымкент жолының 318-шақырымында, Сырым ауданы аумағында «ВАЗ-2114» және «ВАЗ-2170» автокөліктері түйіскен. Содан кейін қос көлік толықтай өртеніп кеткен. Оқиға орнына БҚО ТЖ департаментінен 1 қызметкер мен 1 техника, «Өрт сөндіруші» АҚ филиалынан 9 қызметкер және 1 техника барған. Өрт сөндірілген. Қаза тапқандардың кім екені анықталу үстінде.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, сағат 03.15-те жедел жәрдем шақырылған. 7 адам өртенген. Мүрделерді полиция алып кеткен.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі болған оқиғаны растап, мәліметті кейін беретіндігін жеткізді.