Педофилия дүниежүзілік аурулар классификациясына сексуалдық қалаудың бірі ретінде енген. Көп жағдайда "педофилия" сөзі балалардың тәніне құштарлық, қызығушылық ретінде сипатталады. Соңғы жылдары Қазақстанда педофилдердің құрбаны болған балалар оқиғалары көптеп тіркелді. Десе де, психоаналитик және психолог мамандар педофилдердің құрбаны болған пациенттердің бұрыннан барын айтады. Яғни олар өздерінің құрбан болғандарын ата-аналарына айтпаған және тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінбеген. Осы орайда, Sputnik Қазақстан тілшісі қазақстандық психоаналитик, группаналитик Светлана Мергенбейқызымен осы тақырып төңірегінде әңгімелесті.
— Педофилия дегеніміз не және бұл ауруға шалдығудың себебі қандай?
— Педофилия дегеніміз — психикалық ауру. Ол адамның жас баланың денесіне қызығушылығы салдарынан туындайды. Әдетте жас баланың тәнін көрген кезде сексуалдық қызығушылығы оянады. Кейбіреулері осы қызығушылығын игереді. Ал екіншілері керісінше игере алмай, жас баламен тікелей жыныстық қарым-қатынасқа түседі. Осыны ескере отырып педофилияны психикалық ауытқу деп айта аламыз. Енді себебіне келейін. Педофилдер іштей өздерін жас баладай сезінеді. Ал психологиялық жасы кіші баланың үлкендермен қарым-қатынасқа түсе алмайтыны анық. Яғни тұрмыста өзімен жасты немесе үлкен адаммен жыныстық қатынасқа түсуден бас тартады. Осының салдарында психологиялық жасына сай келетін адам іздей бастайды. Ал неліктен психологиялық жасының артта қалып қойғанын терапия кезінде анализ жасай отырып білуге болады.
Бірінші кезекте бұл нәрсеге адамның бір кездері психологиялық травма алғандығы себеп екені түсінікті. Сондай-ақ, мектепте қыз-жігіттер бір-бірін төсек қатынасына көндіре алмағанда, зорлық-зомбылық көрсететін кездер болады. Осының барлығы адамның жан дүниесінде жара болып қалып қояды. Бұдан кейін 3-5 жас аралығында әр адам бастан кешіретін Эдипов комплексі бар. Осы сәтте фиксация басталады. Жас балада анасымен ойнап отырып сексуалдық қозу басталуы мүмкін. Анасы мұны білмей жанында ауыр жарақат қалдыруы мүмкін.
— Кей психолог маман ата-анасымен бірге ұйықтаған балалардың өскенде педофил болуы мүмкін екенін айтады. Бұл қаншалықты рас және мұның өзге де салдары бар ма?
— Ата-анасымен бірге ұйықтаған балалар педофил болып кетеді деп айта алмас едім. Мұндай балалар керісінше кейін өскенде өзінен жасы үлкен ер адамды немесе әйелді болашақ жары етіп таңдайды. Бірақ, кейде осы жерде педофилияның жасырын түрі бар деп айтуға болады. Анализ барысында пациенттің анасы мен әкесін зерттеп қарайтын болсақ, көп нәрсе білуге болады. Жоғарыда 3-5 жас аралығының психосексуалдық даму кезеңі екенін айтып өттім. Яғни бүлдіршін осы жас аралығында жынысы бойынша өзінің кім екенін анықтауға тырысады. Ұлмын ба, қызбын ба дегендей.
Қыз бала әкесімен бірге жатқанда денелері өзара тиген кезде ерекше ләззат алады. Ал неге олай екенін кішкентай бала түсінбейді. Себебі, сексуалдық қозуға қатысты ода түсінік жоқ. Бірақ, денесі мұны сезінетіні анық. Ал енді ойлап көріңіздер, әкесі қызын құшақтап жатқанда ол қандай әсерде болады? Әрине, ол да сексуалдық қозуды сезінеді. Себебі, денесі жас баланың денесіне тиіп жатыр. Бірақ, осы айтқандарымның барлығын бір арнаға ығыстырып, әкесімен қызының құшақтасуы дұрыс емес деп айтуға болмайды. Көп жағдайда ата-ана сәбиін құшағына басу арқылы өзінің дәл солай сәби болған кезін есіне түсіреді. Денесі арқылы мейірімділікті, махаббатты сезінеді. Кейде күйеуінен немесе әйелінен ала алмаған махаббаттың орнын осылай толтырып отырады.
— Педофилдер көбінесе балалар көп жүретін жерде жұмыс істеуге тырысатынын білеміз. Олардың мінез-құлықтарында қандай да бір ортақ белгілері бар ма?
— Педофилдердің психологиялық портретін жасау қиындау. Себебі, олар көпшілік ортада өздерін барынша қарапайым етіп көрсетіп, назар аудартпауға тырысады. Олар, расымен де, жас балалар көп жүретін мектеп, балабақша секілді мекемелерге орналасуға тырысады. Десе де, оларды балалармен қарым-қатынастағы әрекеттеріне қарап тануға болады. Әдетте олар балалардың қолынан ұстап, денесін сипалап, көзіне көп қарауға тырысады. Құры шешіндіріп алып қарап отыратындар да болады. Кейде балаларды сабақтан кейін қалдырып алып қосымша сабақ өткізуге тырысады. Баламен оңаша отырып сөйлескенді ұнатады.
Баламен оңашада отырса да, нақты іс-әрекетке көшпейтін педофилдер болады. Оларға балалардың ортасында жүрген де жеткілікті. Өздерінің сезімін толықтай игеріп, бала денесін көзбен көріп-ақ қанағаттанады. Игере алмай жатқан жағдайда балалар порнографиясына жүгінетіндер де болады. Осыдан ләззат алмаған жағдайда ғана баланы тікелей зорлауға көшеді. Мұндай жағдайлар қалаға қарағанда ауылда көбірек кездеседі. Себебі, қала мәдениеті де, менталитеті де басқа. Бұл ауылды қаладан төмен көру деген сөз емес. Бар болғаны ауылды жерлерде балалар көбінесе қараусыз қалады. Маған клиенттер "Кезінде ағамыз немесе жездеміз зорлады. Оны ешкімге айта алмадым. Маған жасы үлкендер сенбейтін еді" деп айтып келеді. Оның үстіне ауылды жерлерде бір бөлмеде көп адам ұйықтайды. Мұндайда кімнің не істеп жатқанын бақылау қиын. Осы тұста ата-аналарға балаларын жасы үлкен адамдармен қалдырмауға кеңес беретін едім. Өйткені, әр адамның бойы мен ойында не бар екенін ешкім білмейді.
— Кез келген педофил емделеді деп айта аламыз ба?
— Иә, әрине. Қазір химиялық кастрация жасаймыз немесе мүшесін кесіп тастаймыз деп шулап жатыр. Бірақ осы нәрсе педофилдің жан дүниесін, ішкі ойын өзгерте алмайды. Сондықтан мүшесі болмағанның өзінде ол адам басқаларға зиянын тигізбейді деп айта алмаймын. Ең дұрысы — олардың ойын терапия арқылы өзгерту. Әр жағдай ерекше. Мысалы, орта жастағы ер азаматты алайық. Жанына 30 жылда түскен жара үш айда емделе қоймайтыны анық. Оның үстіне терапияға күштеп жатқызылған адамның ойын өзгерту оңай емес. Себебі, ол бойында ауру бар екенін өзі мойындап тұрған жоқ. Әдетте емнің қажет екенін бірден түсінген адамдар тез сауығып шығады.
— Көптеген елде сот педофилдердің психологиялық ауытқулары бар екенін ескер бермейді. Ұзақ мерзімге соттап, ешқандай да психологиялық көмек көрсетілмейді. Осы нәрсе қаншалықты дұрыс?
— Кей адам өз қателігін түсініп, түрмеден кейін өзгеріп шығады. Екінші рет, расымен де, жасы кішілерге жоламауға тырысады. Сол себепті, бәріне бірдей күйе жақпаған дұрыс. Бірақ, арасында осы жолға түсіп, кейін кісі өлтірушіге айналатындар да бар. Менің ойымша, осы тұста шетелдегі тәжірибені қолдануымыз керек. Шетелде педофилдерді соттайды және оларға 50 немесе 100 сағат көлемінде терапядан өтуді міндеттейді. Бізде де сот осылай шешім шығарса, нәтиже болатын еді деп ойлаймын.
— Педофилдің құрбаны болған балаға алғашқы көмекті қалай көрсетеміз?
— Бірінші кезекте ол балаға жанашырлық танытып, оның жағдайын түсіне түсуіміз керек. Биыл Абайда болған жағдайды алайық. Жақындары ойбайға салып бүкіл Қазақстанға болған жағдайды жария етті. Сол сәтте баланың жан дүниесінде не болып жатқанына ешкім назар аударған жоқ. Әрине, туыстарының әділеттілік іздеу жолында осындай қадамға барғандарын білемін. Бірақ, баланың жағдайын, болашағын жадымыздан шығармайық. Педофилдің құрбаны болу деген сөз — үлкен психологиялық жарақат алумен бірдей. Бұдан өзге бала физиологиялық тұрғыда жарақат алып отыр.
Үшіншіден, ата-анасы баласының ертеңін ойламай бүкіл Қазақстанға жария етіп отыр. Көмектескіміз келсе, оларды оңаша жерге алып барып, айтқандарына толықтай сенетінімізді айтуымыз қажет. Шок алған баланы қалыпты жағдайға келтіріп алғанымыз жөн. Әдетте ата-аналар 5-6 жастағы бала зорлықтың құрбаны болса сенеді. Бірақ, 10-13 жасар балалар айтса, өздерін ұрысып, кінәлай бастайды. "Сен өзің кінәлісің. Мұның барлығы өтірік. Сен өзің бастадың" деген ата-анаға кім сырын айтқысы келеді?! Осының салдарынан бала бар сырын ішке бұғып, кейін өзіне қол салады. Ер азаматтарды қатты жек көріп, еркекшора болып кететіндері де бар.
— Педофилия арқылы адам өзінің гомосексуалист екенін жасыратын кездер бола ма? Ер азаматтардың ұл балаларды зорлауы мәселесіне келсек.
— Бұл сұраққа екі жауабым бар. Біріншісі — педофилдердің бәрі гомосексуалист емес. Олар бар болғаны жас баланың тәнін көргенде елітіп, сексуалдық құштарлықтарын игере алмай кететін жандар. Ал екіншілері, расымен де, гомосексуалист. Мысалы, 16-17 жастағы жасөспірім жігіттерді алайық. Олар өздерінен бірнеше жас кіші ұлдарды зорлайды. Осындайда жас тәнге құштарлықтан бұрын гомосексуализм жатуы мүмкін. Өздері қыз балаға жақындағылары келмейді және бұл құпиялары туралы қатарластары білмесе екен дейді. Пациенттің тарихын зерттейтін болсақ, бір кездері зорлық көрген адамдар өзгелерге сексуалдық қысым көрсетуге бейім келеді. Әрбір қазақ отбасы бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлсе екен деймін.