Мектептегі жағдайға дін өкілдерінің араласуға құқығы жоқ - Абзал Құспан - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мектептегі жағдайға дін өкілдерінің араласуға құқығы жоқ - Абзал Құспан

Мектептегі жағдайға дін өкілдерінің араласуға құқығы жоқ - Абзал Құспан

Белгілі адвокат Абзал Құспан хиджаб дауына қатысты пікір білдірді.

  • 6 Қыркүйек 2018
  • 270
Фото - Caravan.kz

31 тамызда Қазақстан халқы Ата Заң қабылданған күнді тойлады. 1995 жылы қабылданған Конституциямызға биыл 23 жыл толды. Ал Заңның күші қандай? Расымен де Ата Заң қалың қазақтың құқығын қорғап отыр ма? Жаңа оқу жылы басталысымен мектептерде хиджаб кигендердің дауы басталады. Кімдікі дұрыс, Кімдікі бұрыс? Осы сұрақтар төңірегінде заңгер Абзал Құспанмен әңгімелестік. 

— "Ата Заңым – тірегім" деген тіркесті жиі қолданамыз. Конституция бұл теңеуге сай болып тұр ма? Ата Заңның көңіліңізден шықпайтын тұстары бар ма?

— Біздің Конституцияны мақтауға да, даттауға да болады. Артықшылықтары мен белгілі бір жетістіктері де бар. Заңды мүлдем іске алғысыз етіп көрсетуге қарсымын. Сонымен қатар көптеген кемшілігі де бар. Алдымен жетістігін айтсақ. Әне-міне дегенше күз келіп, жаңа оқу жылы басталып жатыр. Жаңа оқу жылымен бірге бізде жыл сайын болатын дау – қыздардың мектепке хиджаб киіп келуі. Тіпті бірінші сынып оқушыларын ата–аналар хиджаб кигізіп мектепке жібермекші. Жыл сайын осы жағдай болады. Осы мәселе бойынша конституциялық нормаға тоқталсам деймін. Адамның негізгі құқықтарының барлығы заңда көрініс табады.

Конституция негізгі заң ретінде бәріне бірдей жол көрсетіп, нұсқаушы рөл атқарады. Жыл сайын Қазақстан бойынша мыңдаған бала мектепке барады десек, соның жүзге жуығы хиджабпен келген оқиға тіркелуі мүмкін. Одан көп емес. Осыған жергілікті жердегі мектеп директорлары, мектеп әкімшілігі, білім бөлімдері ата–аналармен жеткілікті жұмыс істей алмай отыр. Осы жағдай мені таңғалдырады. Неге олар заңгерлердің көмегіне жүгінбейді? Неге біздің заңгерлер осы мәселеге араласпайды? Неге заңгерлер Конституцияға сілтеме жасай отырып, барлығын рет–ретімен шешіп бермейді? Бұл жерде дін адамдарына қарағанда заң адамдарының ықпалы көбірек. 

"Мектептегі жағдайға дін өкілдерінің араласуға құқығы жоқ"

— Ал осы жағдайға байланысты Конституция не дейді?

— Конституцияда діни сенім бостандығына кепілдік берліген. Заңда "Дін мемлекеттің, мемлекет діннің шаруасына араласпайды" деп көрсетілген. Сонымен қатар Қазақстан зайырлы мемлекет деп танылған. Біз діни шариғатпен өмір сүрмейміз. Қабылданған заңғай сай өмір сүреміз. Зайырлы мемлекеттің бірден–бір көрінісі мектептерде, ағарту орындарында, жоғарғы оқу орындарында байқалуы керек.

Мектеп толығымен мемлекеттің меншігіндегі, мемлекеттің қаражатына салынатын, ондағы қызметкерлердің барлығы мемлекеттік бюджеттен қаражат алатын білім ордасы. Басынан бастап аяғына дейін мемлекеттің қаржысына барлық бала тегін оқиды, яғни мемлекет мектептерді толықтай қаржыландырады. Мемлекеттің заңына сәйкес барлық білім беру жүйесі жүзеге асады.

Ал қазір көптеген дін адамдары мемлекеттік мекемеге келіп, яғни мектептерге келіп өз діни жоралғыларын жүзеге асырғысы келеді. Біраз уақыт бұрын спорт мектебінде жайнамазды тепкен ұстаз бен оқушының арасындағы жағдай соның бір дәлелі. Бұл бір, екіншіден, ата-аналар балаларын арнайы үлгідегі киімнен тыс киіммен мектепке жіберуге тырысады. Егер мектеп директоры мешітке барып немесе діни медресеге барып "намазды былай оқымаңыз, былай оқыңыздар, діни сабақты былай өтпеңіздер, былай өтіңіздер" деп жатса, онда сөз жоқ мемлекет діннің ішкі мәселесіне араласып кеткен болады. Бірақ бұл мектептегі жағдай. Мектептегі жағдайға дін өкілдерінің араласуға құқығы жоқ. 

"Мемлекет әзірге қатаң шараларға барып жатқан жоқ"

Мемлекет өз тарапынан заң талабын осы уақытқа дейін жақсы сақтап, діннің ішкі шаруасына араласпай келді. Алайда дін өкілдері әртүрлі жолмен, ата–аналарды айдап салып, оларға "мемлекеттікі дұрыс емес, орамалда тұрған ештеңе жоқ, әуелі жартылай жалаңаш жүрген қыздарын тыйып алмай ма?" деген секілді әңгімелерін айтып, шоқ тастап отыр. Ал оларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмай тұр. Мемлекет әзірге қатаң шараларға барып жатқан жоқ. Соның салдарынан бізде түрлі діни секталар, ұйымдар, дінге шырмалған адам саны көбейіп кетті. Осы жерде ата-аналарды пайдаланып дін өкілдері мемлекеттің ішкі шаруасына араласып келе жатыр. 

— Жақында балабақша қызметкерінің баланы тұншықтырып жатқан видеосы тарады. Желі қолданушылары тәрбиешіге берілетін жазаның жұмсақ екенін айтып, заңды қатаңдатуды ұсынып отыр. Осы жайында не дейсіз?

— Бізде Қылмыстық кодексте кейбір мән–жайлар бойынша бірқатар кемшілік бар. Бұл турасында бір ғана ситуациялық жағдайға байланысты айтқанды жөн көрмеймін. Өйткені олар әртүрлі болуы мүмкін. Баланы тұншықтырып жатқан әйелден бөлек, осыған ұқсас жағдай болатын болса, бір оқиғаға қарап заңды қатайтатын болсақ, келесі бір жағдайда екінші адамның құқығын бұзып жіберуіміз мүмкін. Заңда "баланы тұншықтыру" емес "балаға қатыгездікпен қарау" делінген. Ал оның аясы кең. Бір жағдайға қарап заңды қатайту керек дегенмен келісе алмаймын. Бұл жағдайға принципті түрде келу керек. Ал принципті тұрғыдан алып қарағанда, Конституция мен қылмыстық заңнаманың арасында елеулі қарама-қайшылықтар бар. 

 "Соттың ішкі жұмысына араласып отыр"

— Конституцияда кемшіліктер бар деп қалдыңыз. Ол қандай кемшілік?

— Конституциялық нормада "соттың үкімі шықпайынша ешкім кінәлі деп танылмайды". Соттың қызметіне ешбір органның, ешбір мемлекеттік мекеменің араласуға құқығы жоқ. Сот шешіміне ешбір лауазымды тұлғаның араласуға құқығы жоқ деген норма бар. Яғни, сот – тәуелсіз. Ал шындығында қалай? Шындығында соттың ішкі жұмысына араласып отырған жағдайлар бар. 2015 жылы Қылмыстық кодекстің негізгі заң құрастырушысы Бас прокуратура болды. Олар өздеріне көп өкілеттілік алып алды. Кодексте 65-бап бар. Ол бап бойынша белгілі бір тұлға қылмыстық іс барысында өзінің қылмысын толығымен мойындайтын болса, оған қатысты тергеуші ақталмайтын негіздермен қылмыстық істі қысқартып тастайды. Ауыр қылмыс жасап қамауда отырғандар да 65-бап бойынша бостандыққа шығады. Яғни "шын жүректен өкіну" секілді нормалар басшылыққа алынады, қылмыстық іс тоқтатылады. Мұны прокурор бекітеді де, ол күшіне еніп кетеді. 

Мысалмен айтсақ, 4-5 адам бюджет қаражатын жеді деп ұсталады. Қылмыс дәлелденбей жатыр. Соның ішінен біреу шығып, қылмысты мойындайды. Оған қатысты қылмыстық іс қысқартылады. Ол қамаудан босатылады. Ал ол бәріне күйесін жағып кетеді. Ал қалғаны сотталып кете береді. Бұл жерде ұлттың тәуелсіздігі қайда? Тек қана соттың жаза беретіні туралы норма қайда? 

"Біздің Конституция мінсіз емес"

Ең бастысы осындай жағдайда қысқартылған істі соттың қайта қарауға құқығы жоқ, сот шешімді бұза алмайды. Ал қылмысты мойындап шыққан адам ол әрекетке баруға мәжбүр болуы мүмкін. Денсаулығы, отбасы жағдайын ойлап, қалған төрт адамның обалына қалып жатады. Тіпті сатқындық болуы мүмкін. Басқалармен бірге түрмеде отырғанша, істемеген қылмысты мойындап, бостандыққа шыға берейін деп ойлайды.

Осының бәрі сотта дәлелденіп жатса, сот ешқандай амал жасай алмайды. Сонымен қатар ақтап та жібере алмайды. Тергеушінің жарты беттен тұратын 65-бапқа сай қаулысы шыққанда, қалған адамдарды соттауға негіз болады.

Бұл соттың ішкі жұмысына араласып отырған жағдайлар. Бұл – ақымақтық. Мұндай баптар көп. Яғни, біздің Конституция мінсіз емес. 

"Адамның өмірін ақшамен өлшемеуіміз керек"

— Заңға ату жазасын енгізуге көзқарасыңыз қандай?

— Ата жазасы біздің кодекстен алынып тасталған жоқ. Ол бар. Ату жазасы мезгілсіз уақытқа дейін тоқтатылып отыр. Яғни мораторий жарияланды. Ал осы мораторийді тоқтату, ату жазасын қайта енгізу секілді пікірлермен келісе алмаймын. Қылмыскер педофил болсын, басқа болсын, бұл пікірмен келісе алмаймын. Өйткені біз бір дүниені ескеруіміз керек. Бұл жерде халық қылмыскерлерге күнделікті кететін шығынды есептейді. Жалпы айтқанда, салықтан бөлінетін қаржыны есептейді. Біріншіден, адамгершілік деген норманы басшылыққа аламыз.

Адамгершілік тұрғыдан қарасақ, адамға өмір беретін адам емес. Жаратушы дейміз. Оның өмірін қайтып алу сіз бен біздің қолымызда болмау керек. Екіншіден, міндетті түрде бір адамның қылмысын жүз пайыз дәлелдерміз, ал екінші адамның қылмысы дәлелденбей тұрып, жазықсыз өлім жазасына кесіліп, сот қателікке бой алдыруы мүмкін. Сондықтан біз адамның өмірін азын-аулақ ақшамен өлшемеуіміз керек. Түрмеде отыру, ол жақтағы тәрбие жұмыстарының жүруі бар.

Ал мәжбүрлі түрде кастрация жасаумен келісемін. Онда да түрмеден шығар уақытта. Қылмыскер 3,5,10 жылға сотталуы мүмкін. Ал оның сол уақыт ішінде қылмысқа қатысы жоқ екені анықталуы мүмкін. Біздің мақсат – қылмыскердің қайта қылмыс жасауына жол бермеу. Ал педофилдерге қолданылатын бірден–бір жаза – кастрация. Оның да мәдениетті жолдары бар. "Қанға қан, жанға жан" деген принцип орта ғасырда, тіпті одан бұрын болған. Жабайы әдістерге бару – өзін өзі ақтамайтын жаза.