Сенатор Байқоңыр дәрігерлеріне үстемақы төлеуді ұсынды - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сенатор Байқоңыр дәрігерлеріне үстемақы төлеуді ұсынды

Сенатор Байқоңыр дәрігерлеріне үстемақы төлеуді ұсынды

Қалада коммуналдық қызмет тарифі жоғары болғандықтан, медициналық көмек қымбатқа түсіп отыр.

  • 6 Қыркүйек 2018
  • 8
Фото - Caravan.kz

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Байқоңыр дәрігерлеріне экологиялық төлем төлеуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін сенатта Байқоңыр тұрғындарына медициналық қызмет көрсету туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама ратификацияланды. Отырыс барысында депутат Мұрат Бақтиярұлы үкімет пен денсаулық сақтау министрлігінің назарын тез арада шешімін табуы тиіс өзекті мәселеге аударды.

"Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бойынша алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсететін Қызылорда облысының денсаулық сақтау субъектілеріне адам басына бекітілген тариф айына 683 теңгені құрайды. Жүйелі жан басына шаққандағы норматив бойынша амбулаторлық-емханалық көмек кепілдік берілген тегін медициналық көмек көлемі аясында республикалық бюджеттен беріледі және оның ішінде барлық коммуналдық шығын бар. Алайда Байқоңыр қаласына көрсетілетін коммуналдық қызмет Ресей бекіткен тарифпен төленеді. Коммуналдық қызмет құны Қызылорда облысының тарифтерімен салыстырғанда бірнеше есеге қымбат", — деді сенатор парламенттің жоғары палатасының жалпы отырысында.

Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, газдың бір текше метрі Қызылорда облысында 21 теңге болса, Байқоңырда — 700 теңге, яғни 34 есе қымбат. Ал судың бір текше метрі Қызылорда облысында — 95 теңге, Байқоңырда — 479 теңге, 5 есе қымбат. Облыста жылудың бір гигакалориясы 14 мың теңгені құраса, Байқоңыр қаласында — 56,6 мың теңге. Электр энергиясының 1 киловаты — 25,3 теңге, ал Байқоңырда — 44 теңге. Канализацияның бір текше метрі — 159,6 теңге, Байқоңырда 574 теңге, яғни үш есе қымбат.


"Нәтижесінде былтыр Байқоңыр қаласындағы емхана 68 миллион теңге шығынға батса, осы жылдың қаңтар-ақпан айларын 30 миллион шығынмен аяқтады", — деді депутат.

Осы орайда Мұрат Бақтиярұлы денсаулық сақтау министрінен Байқоңыр дәрігерлеріне қосымша ақы төлеу жолдарын қарастыруды өтінді.

"Құрметті Елжан Амантайұлы, Байқоңыр қаласының ерекше статусын ескере отырып, адам басына шаққандағы нормативке тиісті коэффицент қосу жолдарын және емханада жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысына экологиялық апат аймағына берілетін қосымша ақша бөлудің жолдарын қарастырсаңыз деген өтініш айтамыз", — деді ол.