Мектепке хиджаб киген қыздардың ата-анасына айыппұл салып жатырмыз – Берік Арын - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мектепке хиджаб киген қыздардың ата-анасына айыппұл салып жатырмыз – Берік Арын

Мектепке хиджаб киген қыздардың ата-анасына айыппұл салып жатырмыз – Берік Арын

ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын мектепке хиджаб киген қыздардың ата-анасына айыппұл салынып жатқанын айтты.

  • 26 Қыркүйек 2018
  • 39
Фото - Caravan.kz

 Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.

Сенат отырысында жоғарғы палата депутаты Нариман Төреғалиев қазір кейбір облыстарда мектеп формасын кимейтін оқушылар кездесетінін айтты. Сенатор бұндай балалардың саны тоқтамай тұрғанына алаңдаушылық білдірді.

«Бүгінгі күні қанша бала форма кимей, мектепке бара алмай отыр? Соның саны бар ма? Бұл мәселені қалай шешіп жатырсыздар? Балабақшаларда осындай жағдайлар кездесті ме?», — деп сұрады Нариман Төреғалиев.

«Былтыр жыл біткен кезде, осы жылдың басында республика бойынша 2,5 мыңға жуық қыз мектепке хиджаб киіп келген. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі күні олардың саны 815-ке азайды. Жалпы, жылдан жылға бұл мәселені шешіп жатырмыз. Бұның бір жолы «Білім туралы» заңда жазылған. Онда «ата-аналар балаларын мектепке апаруға және мектептің формасын сақтауға міндетті. Оны істемесе, жауапкершілікке тартылады» делінген. Білім министрінің бұйрығы бар. Ол жерде мектеп формасы туралы жазылған. Кейінгі кезде тағы да бір дау туып, бізге көп сын айтылатын болды. Мысалы, кейбіреулер бізге «мини юбка, жабысқан киімдерге қарамайсыңдар, неге мына (хиджаб – авт.ескертуі) жағына ғана қарайсыңдар» дейді. Біз бұл туралы да өз ұсыныстарымызды Білім министрлігіне жібердік. Олар өздерінің бұйрығына өзгерістер енгізіп жатыр. Бұл жерде мемлекеттікң тұғыры анық: Мектеп діннен алшақ болуы керек. Осы тұғырды ұстануымыз керек», — деді Берік Арын Сенат отырысында.

Вице-министр былтыр бүкіл балабақшада тексеру жүргізілгенін де айтты. Олардың арасынан діни бағыттағы балабақшалар анықталған. Олар Алматы қаласы мен басқа бірнеше қалада тіркелген. Бұл балабақшалардың бәрінің жұмысы жергілікті атқарушы органдардың күшімен тоқтатылған.

«Бұндай мониторинг ұдайы жүргізіліп тұрады. Осылайша, тек қана өздерінің діни секталары, топтарының балалары баратын балабақшалар, орындар, фактілер кездескен», — деп толықтырды Б.Арын.


Вице-министр Сенат кулуарында берген сұхбатында Қоғамдық даму министрлігі БҒМ-ға мини юбкамен қатар, декольте, бағалы әшекейлер тағуға тыйым салу туралы ұсыныстар жасағанын айтты. Қазір БҒМ осы бойынша жұмыс істеп жатыр екен. Сондай-ақ, ол қазір хиджабпен жүрген қалған 815 қызбен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

«Жалпы, көрсеткіш біртіндеп азайып жатыр. Оқу жылы басталғалы бір ай болмай жатып, адамдар түсінді, көбі адасып жүргенін білді, кейбірі бұны әлі дұрыс деп қабылдайды. Осы бойынша жұмыс әрі қарай жүргізіледі. Қазір де шаралар қабылданып, айыппұл салынып жатыр. Кеше біздің муфти сөз сөйлеп, «кәмелет жасқа толмаған балаларды орамал таққызып, мәжбүрлеуге болмайды. Бұл дінге қарама-қайшы, бұндай ислам шариғатында жоқ» деді. Хиджаб киген қыздар көптеген өңірде, негізінен Қазақстанның оңтүстігі мен батысында кездеседі», — деді Берік Арын.

Атап өтсек, бүгін Парламент Сенаты Әлеуметтік — мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасы қаралды.