Сапарбаев: Ақтөбе облысы халқының 88 пайыздан астамы газбен қамтылған - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сапарбаев: Ақтөбе облысы халқының 88 пайыздан астамы газбен қамтылған

Сапарбаев: Ақтөбе облысы халқының 88 пайыздан астамы газбен қамтылған

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қызмет бабымен Хромтау ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылуына қатысты, ауданның дамуымен және мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуымен танысты.

  • 25 Желтоқсан 2018
  • 13
Фото - Caravan.kz

Ақжар ауылдық округінің Жазық стансасына еретемен келген ол ауыл ішіне жүргізілген жалпы ұзындығы 13,5 шақырымдық газ құбырының салтанатты түрде іске қосылуына қатысты. Жоба құны 105 млн теңгеден асады, деп хабарлайды BAQ.kz.

«Биыл мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған бес әлеуметтік бастаманы атады. Бастамалардың бірі елді мекендерді газдандыруға қатысты. Бүгінде Ақтөбе облысы халқының 88 пайыздан астамы газбен қамтылған. Сонымен бірге, Хромтау ауданы тұрғындарының көгілдір отынмен қамтылуы 94%-ды құрайды. Ауданның барлық елді мекендерінде газ бар. Жуырда қалған кішігірім ауылдарды газдандырамыз. Табиғи газ ауылдардың жаңғыруына серпін беретініне сенімдімін»,- деді Бердібек Сапарбаев құттықтау сөзінде.

Айта кетейік, биыл облыста газдандыру бойынша үш жоба жүзеге асырылды. Бұдан басқа, газбен жабдықтаудың жалпы құны 6,4 млрд теңге болатын 19 жобасын жүзеге асыру басталды. Олар 2019-2020 жылдары аяқталмақ. Нәтижесінде 7 мыңнан астам халқы бар 14 ауылға газ жеткізілетін болады. 2020 жылдың соңына қарай, облыс халқының газбен қамтылуы 90%-ға жетеді деп болжануда.

Өңір басшысының жұмыс сапары Дөң ауылында жалғасып, ол жақта амбулатория мен балабақша ашылды.

Амбулаторияға күн сайын елу емделуші келетін болады. Олар үшін қарайтын, егілетін және физиотерапия, ЭКГ кабинеттері, күндізгі стационар мен дәріхана жұмыс жасайды. Мекеме санитарлық автокөлікпен, барлық қажетті медициналық жабыдқтармен, дәрілік заттармен және медициналықмақсаттағы бұйымдармен жарақтанған. Мемлекеттік-жеке серіктестік аясында жүзеге асырылған жобаның жалпы құны 92,4 млн теңге.

Облыстың ауылдарында мемлекеттік-жеке серіктестік арқылы барлығы 21 медициналық мекеме салынды.


Жаңадан ашылған «Төре» балабақшасына 200 бүлдіршін баратын болады. екіқабатты ғимараттың жалпы аумағы шамамен 2 мың шаршы метр. Мұнда балалардың үйлесімді дамып, тәрбиеленуіне және оларды мектепке дайындауға барлық жағдай жасалған.

Облыс әкімі сондай-ақ, аудандағы барлық шаруа қожалықтарының асыл тұқымды мал көрмесі өткен Оңғар ауылында да болды. Өңір басшысы көрмені қарап шығып, малшылармен әңгімелесті, сонымен қатар, 4 мың бас ұсақ қара малға арналған бордақылау алаңы құрылысының бірінші кезеңінің жүзеге асырылу барысымен танысты. Жобаны жүзеге асырып отырған – «Данияр» шаруа қожалығы. Қожалық «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасын пайдаланып, жалпы сомасы 31,4 млн теңгеге бір мың бас қой, екі трактор мен екі шөп буатын қондырғы сатып алған. Қожалық жобаны әрі қарай жүзеге асыру үшін тағы 190 млн теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр.