ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру басқармасының жетекшісі Нұрлан Жұмасұлтанов оқиғаның үш нұсқасы жайлы әңгімелеп берді.
"Қазіргі уақытта оқиғаны тексеретін комиссия құрылды. Біз үш нұсқаны қарастырып жатырмыз: тікұшақтың техникалық ақаулығы, адам факторы және нашар ауа-райы жағдайы. 17 қаңтарда тұман түсті", — деп мәлімдеді спикер.
Жұмасұлтановтың айтуынша, тікұшақ Боралдай әуежайынан Үлкен Алматы көліне қарай ұшқан. Тікұшақ жолаушыларды алып кетуге бара жатқан.
"Ұшқыш сағат 16.05-де байланысқа шыққан. Не дегенін әзірге айта алмаймын. Апат 16.08-де болды", — деді Жұмасұлтанов.
Тікұшақтың багы тола болған, құлаған кезде ешқандай өрт шықпаған. Қара жәшік бүтін қалды, деп толықтырды сарапшы.
Естеріңізге сала кетейік, Sky Service жеке әуе компаниясының Eurocopter тікұшағы кеше Алматыдағы "Алатау" шипажайы аумағына құлады. Әуе кемесінің ұшқышы қаза тапты.