«Алматы облысының полицейлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 200-бабына сәйкес түнгі уақытта немесе 21 жасқа дейінгі тұлғаларға алкогольдік өнімдерді саудалағаны үшін 40 астам сауда орнына қатысты хаттама толтырып, сот органдары арқылы 3 дүкеннің алкогольдік өнімдерді сату лицензиясын уақытша тоқтатты»,- деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
«Мас күйде жасалатын түрлі қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, әсіресе, жасөспірімдердер арасындағы қылмыстарды болдырмау мақсатында ұйымдастырылған арнайы шара барысында 400-ге жуық тәртіп бұзушылықты анықтадық. Іс-шара барысында түнгі мезгілде спирттік өнімдерді саудалағаны үшін сот органдары арқылы Қапшағай қаласындағы 3 дүкеннің алкоголь өнімдерін сатуға арналған лицензиясы уақытша тоқтатылды»,- деп атап өтті полиция өкілдері.
Сонымен қатар, тәрбиесіндегі жасөспірімнің жеке-дара түнгі мезгілде қоғамдық орындарда жүруіне жол берген 134 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған.