«Мұнда көп жайтты көңілімізге түйіп, білімімізді жетілдіріп жатырмыз.
Тәлімгеріміз «Сабақты зерттеу» (Lesson Study) әдісін қолданады» дейді Алматыдағы Қожа-Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназияның мұғалімі Мөлдір Киізбай.
Жақында Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қаласындағы филиалының тәлімгерлері Жапониядағы Нагоя университетінің профессоры, Қазақстанда Lesson Study-ді насихаттаушы Тошия Чичибумен сұхбаттасып, бұл әдістің Жапонияда қалай қолданылатыны туралы сұраған. Жапон ғалымы мұның біздің елімізде қалай қолданылып жатқанына да қатысты ойын айтыпты.
— Қазақстанда бұл әдісті бағалау құралы ретінде қолданатын секілді. Кешегі №168 мектепте өткен семинарда мұғалімдер өз постерлерінде негізінен Lesson Study-ді қолданудағы жетістіктерін келтіріп, мектептерінде қанша сабақты зерттеу топтары құрылғаны, қанша мұғалімнің оған қатысқаны туралы мәліметтерді жазған. Мұнда «Сабақты зерттеуді» қолданғанына талдау жасалмаған. Бұл жерде қандай кедергілер мен кемшіліктердің болғаны туралы әңгіме жоқ. Негізі, қателіктен қорықпау керек! Егер де біз қателік үшін мұғалімдерді жазалайтын болсақ, олар онысын жасыратын болады. Әрине, бұл жәйттің мектеп жұмысы мен ұстаздардың кәсіби біліктілігін жақсартпайтыны анық, — дейді Тошия Чичибу.
«Иә, біз бұған қосыламыз. Тәлімгеріміз айтатындай, қатып қалған ештеңе жоқ. Мұғалімдердің өзара және оқушылармен қарым-қатынасы еркін болуы керек. Шәкірттерді бақылап отыру да – көңілге қонымды әдіс» дейді білімін жетілдіріп жатқан ұстаздар.
Асхат Әлімовтің осы шәкірттерді бақылауға қатысты сұрақтарына жапон ғалымы былай деп жауап берген:
— Бұл мәселе зерттеу тақырыбына, мұғалімнің тәжірибесіне, білік пен дағдыларына байланысты болғандықтан оны әр мұғалімнің өзі шешеді. Мұнда қатып қалған нәрсе жоқ. Пит Дадли (ұлыбританиялық ғалым) ұсынғандай, сыныптағы оқушыларды А, В, С деңгейлеріне бөліп, сабақта солардың біреуін бақыласа болады. Немесе оқушылардың жұбы не шағын тобының қалай жұмыс істейтінін де бақылаған орынды. Бүкіл сыныпты да бақылауға болады. Мен өзім әдетте бүкіл сыныпты бақылаймын. Өйткені осылай ғана сынып туралы объективті картина құрастыруға болады деп есептеймін. Ең бірінші кезекте мен сабақта оқушыларды көптеп фотоға түсіремін. Талқылау барысында фотосуреттер менің оқушылардың қалай үйренгені туралы ойларым мен пайымдауларымның дәлелді айғақтары болады. Бұған қоса мен бақылау кестелерін де жиі қолданамын. Мысалы, мен
сыныптағы парталардың схемасын сызып, оқушылардың отыратын орындарымен нөмірлеп аламын да, олардың сабақта жауап беру ретін белгілеп отырамын. Нәтижесінде бұл схемадан мұғалімнің қанша оқушымен жұмыс істегені анық көрініп тұрады.
Осылайша аталған орталықта баланы оқытудың мүлдем тың тәсілі үйретіліп жатыр.
«Тәлімгеріміз бәрін түсінікті тілмен айтады. Бір-бірімізбен қарым-қатынасымыз да барынша еркін. Мұнда әлі талай жаңа дүниелерді үйренетінімізге сенімім мол» дейді Мөлдір Киізбай.
