"Есімнен танғанша ұруды бұйырды": Елордада борышкерге көмектескен заңгерді қанжоса қылып сабап кеткен - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Есімнен танғанша ұруды бұйырды": Елордада борышкерге көмектескен заңгерді қанжоса қылып сабап кеткен

"Есімнен танғанша ұруды бұйырды": Елордада борышкерге көмектескен заңгерді қанжоса қылып сабап кеткен

Елордада белгісіз біреулер заңгерді қанжоса қылып сабап кетті.

  • 24 Сәуiр 2019
  • 542
Фото - Caravan.kz

Оған дейін ол банктен алған берешегін қайтара алмай қиналып жүрген жанға құқытық көмек көрсеткен екен. Сондықтан зардап шегуші күдіктілер коллекторлық компанияның қызметкерлері болуы мүмкін деп топшылап отыр. Расымен солай ма?

Оқиға оң жағалаудағы кеңседе болған. Жасұлан Рахымғалиев сол күні жұмысқа ертерек келген екен. Бірер сағат өткенде ол отырған жерге белгісіз үш адам баса көктеп кіріп, оны аяусыз соққыға жыққан. Олардың қалай кіріп-шыққаны бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Қазір полицейлер оны тергеп-тексеріп, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғаған, деп хабарлайды "Еуразия бірінші арнасы". 

Күдіктілер заңгерді тапа-тал түсте есінен танғанша сабап, қашып кеткен. Қазір ол қаладағы нөмірі бірінші ауруханада ем қабылдауда. Ол кеңсеге келген адамдарды бұған дейін көрмегенмін, дейді. Олар ғимарат ішіне кіргенде екеуі кабинет ішіне кіріп, біреуі есік алдында қарауылдап қалыпты. 

“Шабуыл жасағандардың бірі екіншісіне мені есімнен танғанша ұруды бұйырды. Оны анық естідім. Ешнәрсе жасап үлгерген жоқпын. Олар мені бірнеше соққы жұмсап, жерге құлатты. Қолымдағы телефоным мен әмиянымды алып қойды. Сосын қашып далаға шығып кетті”, — дейді зардап шегуші. 

Жасұланның сөзінше, барлығы банктен алған берешегін қайтара алмай, коллекторлардан зәбір көрген жанға құқықтық көмек көрсетпек болған кезден басталыпты. Заңгердің бізбен бөліскен аудиожазбасында, коллекторлық компанияның қызметкерлері борышкермен қалай сөйлескені анық жазылып қалған. 

"Сен естіп тұрсың ба? Қашан ақшаң болады, қайыршы? Сені ата-анаң қайыршы етіп не үшін туған?" — дейді аудиожазбада коллектор борышкерге.

Жасұлан Рахымғалиев осыдан соң борышкердің өміріне қауіп төндіріп, балағат сөздермен сөйлескен коллекторлық компанияға барып, біраз былықтың бетін ашады. 

"Коллекторлық компанияға барғанымызда, бірнеше заңбұзушылықты байқадық. Олардың Ұлттық банкте тіркеуде болмағаны анықталды. Сондай-ақ, мекемесінде бірде-бір атауы жоқ болып шықты. Бірақ ондағылар бізден көмек сұраған борышкермен сөйлескен коллектор  жұмыс істемейтінін айтып құтылмақ болды”, — дейді Жасұлан Рахымғалиев. 


Осылаша банктен алған берешегін қайтара алмай қиналып жүрген жандарды тығырыққа тіреп үйренген коллекторлар заңгерді сабасына түсірмек болды ма, ол жағы белгісіз. Бұл оқиғаны өз арнасына шығарған қоғам белсендісі, блогер Тәңірберген Бердіоңғаров заңнан тыс әрекетке барғандарды анықтап, лайықты жазасын беруі керек дейді.

“Өткен тоқсаныншы жылдардағыдай адамдарды бейбіт күнде өлтіріп, аяусыз соққыға шығуға жол бермеуіміз керек. Біз ол кезеңнен өттік. Бірақ осындай оқиғаларды көріп, сол уақыт қайтып келе жатқандай көрінеді. Қазір полицейлер қылмыскерлерді ұстап, оларды кім жалдағанын анықтауы тиіс. Және коллекторлық компаниялардың жұмысын заң жүзінде қайта қарастыру керек. Себебі олардың жұмыс істеу принципі бопсалау, психологиялық қысым көрсетуден құралған”, — дейді Бердоңғаров.

Ал полицейлер заңгерді соққыға жыққандардың кім екенін анықтапты. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің тек «Тонау» бабы бойынша ғана қылмыстық іс қозғалған. Жалпы, Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, коллекторлық компаниялардың құқық бұзушылығы дәлелденсе, 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынудан бастап, бас бостандығынан айырудың түрлі мерзімдерін қамтитын жазалар көзделген екен.