Маңғыстау облысында жұбайы мен кішкентай баласын ертіп, «Ана мен Бала» перинаталды орталығына әйелім түсік тастауы мүмкін, жағдайы нашар деп келген ер адамның әйелі жүкті болмай шықты, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.
17 мамырда сағат 21: 30-да, «Ана мен Бала» облыстық перинаталды орталығының науқастарды қабылдайтын бөліміне Жамбыл Көбейсінов есімді азамат «әйелімнің жағдайы нашарлап кетті, түсік болу қаупі бар» деп, жұбайын ертіп келген.
Сонда дәрігер әйелдің жағдайы қалыпты екенін айтып, ары қарай тексеруден өту үшін ауруханада қалуды немесе ертең келуді ұсынады.
Бірақ, 1987 жылы туған әйел «түсік» болу қаупі бар деген күдікпен жеткізілгенімен, күйеуі әйелін ауруханада қалдырудан бас тартады. Яғни, емшектегі баласы бар, сондықтан орталықта қала алмайды, қазір тексеріңдер немесе 11 айлық балам екеуі осында қалсын деген талап қояды.
Ер адам бұнымен қоймай, дәрігер өз қызметін орындағысы келмей тұр, деп шағымын айтады.
Дегенмен, кейіннен Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі бұл оқиғаға қатысты пікір білдірдіі.
«Кезекші дәрігер, акушер-гинеколог, «Ана мен Бала» перинаталды орталығының босану блогының меңгерушісі Кушкинова әйелді толығымен қарап шықты. Бірақ, әйелдің денсаулығынан ауытқушылықтың ешқандай айқын белгілерін таппады. Соған қарамастан, қызметкерлер әйелге ары қарай толық тексеруден өту үшін ауруханаға жатуды ұсынған. Алайда, олар өз себептері бойынша ауруханаға жатудан және одан әрі тексерден өтуден бас тартты»,- делінген хабарламада.
Сондай-ақ, акушер-гинеколог әйелдің кіші жамбас мүшесін ультрадыбыстық құрылғымен тексергенде ешқандай гинекологиялық патология анықталмаған екен. Яғни, әйел «жүкті» болмаған.
Тексеру кезінде де әйелдің қан қысымы 110/80 шегінде, ал температурасы 36 болған. Демек, әйел қалыпты жағдайда болған.
«Қарапайым дәрігер «түсік», яғни жүктіліктің өздігінен тоқтау белгілерін еш қиындықсыз анықтай алады. Бұл жағдайда әйел жүкті болмаған»,- делінген хабарламада.