Бұл туралы «Жас АЛАШ» сайтына Арыс қаласының тұрғындары хабарлады. Олардың айтуынша, қаладан 4-5 шақырым қашықтықта жер астында орналасқан қоймадағы жарылыс әлі толастамаған. Мұндай жағдай бұған дейін де екі мәрте болған.
— Бұл жолғы жарылыстың түрі жаман. Кейбір тұрғын үйлердің терезелері қираған. Халық қаланы тастап, жаппай қауіпсіз жаққа көшіп жатыр. Қаладан шығатын жолдарда көлік кептелісі туындауда,-деді тұрғындардың бірі. Қала тұрғындары арасында түрлі үрейлі әңгімелер де тарап жатыр.
Арыста Кеңес одағы кезінен бергі аралықта жиналған бомбаларды залалсыздандырумен Қорғаныс министрлігіне қарасты кәсіпорындар айналысады. Бұған дейін залалсыздандыру кезінде қауіпсіздік шараларының сақталмауынан өрт шығып, оның арты бомбалардың жаппай жарылуына алып келген болатын. Екі оқиғада бірнеше адам қаза тауып, кінәлілер сот алдында тиісті жазасын алған еді.
Интернетте бүгін Арыста болған жарылыстан түсірілген видеолар тарап жатыр.