Бұл жағдай Құдайдың құлдарына деген ерекше ескертуі - Мұхамеджан Тазабек - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бұл жағдай Құдайдың құлдарына деген ерекше ескертуі - Мұхамеджан Тазабек

Бұл жағдай Құдайдың құлдарына деген ерекше ескертуі - Мұхамеджан Тазабек

Мұхамеджан Тазабек мырза да Арыстағы жарылысты тебірене жазды.

  • 25 Маусым 2019
  • 284
Фото - Caravan.kz


Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы хабарлайды. 

"Арысқа қарайсың, алысты ойлайсың… Сынақ деген осы. Күтпеген жақтан, тоспаған тұстан келеді. Қаншама жұрттың жоспары бұзылды. Жасағалы жатқан той, күткелі жатқан құда, бастағалы жатқан құрылыс, жүргелі жатқан сапар, бәрі тоқтады, бәрі өзгерді.
Маңырап мал қалды, қаңырап үй қалды. Суырмада пұл қалды, суғарылмай гүл қалды. 
Таңертең бірге оянған сәбиден түсте көз жазып қалдық. Түсте табылмастай болған тағдырлармен кешке аңырап жүріп қауыштық…
Аллаға мұңайтам десе де, қуантам десе де оңай екен!
Жан тәтті, оқтың даусы ащы…
Қауіп қасыңнан төнгенде басқа уайым басыңнан шығып кететінін көрдік.
Төленбеген кредит, қайтпаған қарыз, бауырға деген өкпе, досқа деген реніш, бәрі бір сәтте артқа шегініп, бастың амандығы мен қу жанның тыныштығын ғана іздеп кететінімізді ұқтық…
Өмірде шындық көп, бірақ жалғыз ақиқат осы. Өлімнің иісі мұрынға кеп, жан алқымға тығылса, шешілмейтін мәселе, кешірмейтін айып жоқ екенін сезесің…
Бұл фәниде бәрі де салыстырмалы, бәрі де өткінші уайымдар екенін, пендеге қылған пендешілігіміз екенін түсінесің…
Бастың амандығы, жүректің тыныштығы, баланың жыламағаны, шаңырақтың шайқалмағаны, ел іргесінің сөгілмегені ең үлкен құндылық екенін үнсіз мойындайсың…
Өмірдің әр сәті — сабақ,әр күні — тағылым, әр оқиғасы — ғибрат, әр апаты — ескерту!
Бұл жағдайды да, бұл күннің дүрбелеңін де пенделік пернелерде ойнатпай, Құдайдың құлдарына деген ерекше ескертуі, раxыми назары деп түсінсек екен…
Артық сөздеріміз бен алкеуде амалдарымызға тәубе қылып, Алладан жақсы күндеріміздің жалғасқанын тілесек екен…
Шекпенділер шекесінен қарауды қойып, қаймана елдің қамында аманатқа адал болса екен…
Бұқара қауым ызаға булығып, әдемі сөйлегенге алдана бермей, қолында бардың қадірін біліп, тізгін ұстағандарға тілекші болса екен…
Біз бірге болғанда ғана мықтымыз!
Тілекші болғанда ғана тұтаспыз!
Алла күтпеген қиындықтан, көтере алмайтын сынақтан сақтасын! 
Арыстың қаласы қайтадан xалыққа, әр үй жарыққа толсын!"