Ауған соғысының ардагері: Жастар отанды қарумен ғана емес, ақылмен де қорғау керек - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ауған соғысының ардагері: Жастар отанды қарумен ғана емес, ақылмен де қорғау керек

Ауған соғысының ардагері: Жастар отанды қарумен ғана емес, ақылмен де қорғау керек

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында "Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен "Туған жер" бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, "Туған елге" ұласады.Мәселен, "Ауылым – әнім" атты әнді айтқанда, "Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін" деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер", - деген болатын.

  • 29 Маусым 2019
  • 187
Фото - Caravan.kz

Осыған байланысты Caravan.kz медиа порталының тілшісі Ауған соғысының ардагері, білікті маман Тоғайбай Тағанбайдан жастарды патриотизмге тәрбиелеу, отанды сүюге байланысты ойын білді.

— Ауған соғысының аяқталғанына біраз уақыт өткенімен ол кезең, сол кездегі қиыншылықтар әлі де есіңізде шығар?

— Иә, әрине есімде, ол кезді ұмыту мүмкін емес те шығар. Ол кезде жасым небәрі 18 жаста болатын. 1978 жылы Ауғаныстанда төңкеріс болып, оның соңы соғысқа айналды. 10 жылға жуық жүрген соғысқа әр елдің азаматтары, мыңдаған жауынгерлер қатысты. Сол соғыс кезінде қаншама жігіттер мерт болды, көптеген азаматтар мүгедек болып қалды. Сол кездегі барлығымыздың да міндетіміз елді қорғау болды. Бар міндетіміз отан алдындағы борышымызды өтеп, қабылдаған антқа берік болу болды.

— Патриотизм – кез келген мемлекеттің алтын діңгегі деп жатады. Сіздер соғысқа елімді қорғаймын, жерімді қорғаймын деп қатыстыңыздар. Қазіргі жас ұрпақта дәл сондай елді қорғауға деген, жерді қорғауға деген патриоттық сезім бар ма?

— Әрине бар, біздің көргенімізді жас ұрпақ көрмесе екен деймін. Әскерге қаншама жастар, қаншама жас буын өзік еріктерімен барып жатыр. Бұл дегеніміз барлық азаматтардың міндеті елін қорғау керек екенін, антқа берік болу керек деген сөз. Отан қорғаушы жастарды елді тек қарумен ғана қорғап емес, ақылмен де қорғау керек екенін айтқым келеді. Ол дегеніміз түрлі кітаптарды оқып, білім алып, үлкен жетістікке жету. Елді қорғағанда қолыңда қару болу жеткіліксіз, оған ақыл мен парасаттылық керек. Отан қорғау жолында құрбан болған көптеген батырларымыз бар. Ұлы отан соғысына қатысқан Бауыржан Момышұлы болсын, Әлия Молдағұлова болсын, Мәншүк Мәметова болсын осындай батыр ата-аналарымызды қазіргі жас ұрпаққа, жас әскер саласында жүрген азаматтарға үлгі етіп көрсетуіміз керек. Патриоттық сезімі жоқ адамның тіпті әскерге барады дегенге сену қиын.

— Қазіргі жауынгерлерге, еліміздің әскери саласында қызмет етіп жүрген азаматтарға қандай ақыл кеңес берер едіңіз?

— Қазіргі келе жатқан жолымыз жаман емес. Жолымыз қисайып кетпей, осылай жүрсек жаман болмаймыз.  Бүгінгі таңда Қарулы Күштеріміздің даму қарқынына, жұмыс барысына зер салып қарайтын болсақ елімізді, қазақ жерін қорғайтын, отанымыздың тыныштығын күзететін сарбаздардың рухының, патриоттық сезімінің,  елге деген сүйіспеншілігінің жоғарылап, артып бара жатқанын байқауға болады.

— Ал енді еліміздегі жауынгерлерге, әскери салада қызмет етіп жүрген азаматтарға айтарым бастысы еліңді сүю керек. Өз елін сүйетін азамат, жауынгерлер, елін қорғайтын азаматтар өз тарихын білсе, дәстүрін білсе, қазақ халқының ерекшеліктерін өз бойына сіңіре білсе ондай жауынгерден жаман адам шықпайтынына кәміл сенімдімін. Мағжан Жұмабаев “Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, мен жастарға сенемін”, — деген өлең жолдары елін қорғайтын, жерін қорғайтын дәл осы сарбаздарға, жауынгерлерге арнағандай көрінеді. Елімізде батыл, ержүрек, ілім іздеген білім іздеген жауынгерлер, сарбаздар бар, жеткілікті, олармен мақтанамыз, марқайамыз. Дәл сондай азаматтардың арқасында мәңгілік елімізді сақтап қала аламыз.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Ғалымжан Сәңкібаев