Найман, Суан, Ошақты: Елімізде ру аттары жазылған сыралар сатылымға шықпақ - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Найман, Суан, Ошақты: Елімізде ру аттары жазылған сыралар сатылымға шықпақ

Найман, Суан, Ошақты: Елімізде ру аттары жазылған сыралар сатылымға шықпақ

Елімізде қаптамасына ру аттары жазылған сыралар сатылымға шықпақ. Ішімдік сыртына ру аттарын тайға басқандай етіп көрсеткен компания мұны маркетингтік әдіс-айла деп тапқан. Кәсібінің көрігін осылайша қыздырмақ болғандардың әрекеті көпшіліктің ызасын тудырып үлгерді. 

  • 5 Қыркүйек 2019
  • 44
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды.

Арақ-шарапқа ұлы Абайдың, белгілі ақын-жазушылардың суретін шығарып, тауарын жарнамалаған кәсіпкерлер енді «қара пиардың» жаңа түрін ойлап тауыпты. Үш жүзге бөлінетін қазақтың руларының атымен сыра шығаруды бастаған. Ғаламтордағы өнімнің суретінен «Найман», «Суан», «Ысты», «Ошақты» тайпаларының атауларын байқауға болады. Алайда елордалық дүкен сөрелерінен бұл су жаңа тауарды қанша іздесек те кезіктірмедік.    

«Масқара. Өзімнің ойым, дұрыс емес. Себебі ол аттар біздің тегіміз ғой. Біздің бар қазақтың байлығы. Харам нәрсеге ру атауын қойғанына көзқарасым теріс», «Негізінде, қазақтар мұсылмандар ғой. Мұсылмандардың атынан ондай шығару біртүрлі сияқты», «Қарсымын, әрине! Ата-бабаларымыздың атынан ішімдік шығарған қателік деп ойлаймын», — дейді бұл жайтқа қатысты пікір білдірген тұрғындар.

Сөйтсек, аталған сыра әлі нарыққа шыға қоймапты. Тауарды зерттеумен айналысатын мамандардың пайымынша, бұл өндірішілердің «маркетингтік қадамы» екен. Осы арқылы өнімдерін тестілеуден өткізіп жатқан пысықайлар мол пайда табуды көздеп отырған көрінеді.     

«Маркетинг түсінігінде үлкен бір кешен бар. Ол «нейминг» деп аталады. Сол салада шығарылатын тауардың атауы сараптамадан өтеді. Негізі, ол үшін де қойылатын бірнеше талап бар. Атауы жұрттың ар-намысына тимеуі шарт. Ал мына сыраға келсек, бұл тауар әлі нарыққа шықпаған. Тек тестілеуден өтіп жатқан өнім секілді. Осы арқылы өндіруші өздеріне «қара жарнама» жасап жатыр», — дейді маркетинг бойынша кеңесші Диана Барлыбаева.

Ең сорақысы, бұл ұлттық құндылықтарымызды аяққа таптағандардың алғашқы ісі емес. Бұған дейін де Ақтөбе өңіріндегі ащы суды өндірушілер тауарларының сыртына құран сүрелерін жазып, жұрттың ашуына тиген болатын. Одан бөлек, Жамбыл облысында шараптың сыртына қара жорға билеп тұрған қыздардың суретін жапсырып та әлеуметтің шамына тигені көптің есінде. 


«Бұл, әсіресе, спирттік ішімдіктер қазақ халқының ата-бабасына тіл тигізу болып табылады. Оның сыртындағы рулардың атауы, таңбалары – біздің ұлттық құндылықтарымыз. Себебі осы таңба арқылы белгілі бір деңгейде бір елді таныған», — дейді қоғам белсендісі Қуандық Шамахайұлы.

Маркетологтардың сөзінше, өндірушінің жаңадан шыққан тауарына ат беру үшін ол зат мұқият тексеруден өтеді екен. Ал қоғам белсенділері болса ұлттық құндылығымызды қорлағандар «өз құдығына өздері түкіріп жатқанын» білуі абзал дейді.