Ведомство мәліметінше, 8 қыркүйек күні таңертең жас жұбайлар Үлкен Алматы шыңы ауданында тауға жорыққа шығып, кешке қарай адасып кеткен. Кешкі сағат 21-00-де ҚР ІІМ ТЖК Республикалық жедел құтқару отрядының кезекшілігіне ерлі-зайыптылардың бағдардан адасып, тауға жоғары шығып бара жатқандығы туралы хабарлама түскен. Олар нақты қай жерде екендерін білмеген. Туристердің қиын жағдайға тап болғандығы туралы ақпарат түскеннен кейін ҚР ІІМ ТЖК Республикалық жедел құтқару отрядының жедел құтқару тобы із кесетін итпен бірге оқиға орнынан аттанған. Үлкен Алматы көлі ауданына кеткен 10 құтқарушы мен 1 із кесетін ит жаяу іздеу-құтқару жұмысына кіріскен.
«Бірнеше шағын топқа бөлінген құтқарушылар төңіректі сүзіп шығуды бастады. 9 қыркүйек күні таңертеңгі сағат 05-34-те құтқарушылар 2 800 метр биіктіктен отбасын тапты. Екеуі де медициналық көмекті қажетсінді. Қыз тайғанақ тастармен өрмелеп келе жатқанда саусақтарын ауыртып алған. Екеуіне де салқын тиген. Себебі киімдері таулы ауа райына сай емес. Құтқарушылар алғашқы медициналық көмек көрсетіп, төменге түсірді. Содан кейін зардап шеккендерді ҚР ІІМ ТЖК Апаттық медицина орталығының бригадасына табыстады. Ал олар туристерді 12 қалалық ауруханаға жеткізді», — делінген ведомство ақпаратында.