«Нәтижелері көңіл көншітпейді»: Бердібек Сапарбаев спорт министрлігін cынға алды - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Нәтижелері көңіл көншітпейді»: Бердібек Сапарбаев спорт министрлігін cынға алды

«Нәтижелері көңіл көншітпейді»: Бердібек Сапарбаев спорт министрлігін cынға алды

Вице-премьер Токиода өтетін Олимпиада ойындарына уақыттың аз қалғанын айтты.

  • 3 Қазан 2019
  • 27
Фото - Caravan.kz

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жақында әлем чемпионаттарында өткен күрес, бокс, ауыр атлетика спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың көрсеткен жарыс қорытындысы бойынша кеңес өткізді, деп жазады primeminister.kz.

Әлем біріншіліктерінде қазақстандық спортшылар бокс бойынша 1 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль; күрес түрлері бойынша 3 күміс, 4 қола медаль және ауыр атлетика бойынша 1 күміс медаль иеленді.

Жарыстардың қорытындысы және Токиода өтетін Олимпиада ойындарына дайындық туралы ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, Ұлттық Олимпиада комитетінің хатшысы Сәкен Мұсайбеков, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, сондай-ақ, ұлттық құрама командалардың бас тренерлері баяндады.

Е. Рамазановтың айтуынша, бүгінде Қазақстанның қоржынында 9 спорт түрі бойынша 20 лицензия бар, Олимпиадаға кемінде 100 лицензия жеңіп алу жоспарланған.

«Нәтижелер көңіл көншітерлік емес. Бокс бойынша жалпыкомандалық үшінші орынды алдық, ауыр атлетика бойынша – 12-ші, күрес бойынша – 14-ші орындамыз. Тек боксшылардың жалғыз алтын медалі бар. Министрлік, Ұлттық Олимпиада комитеті, федерациялар мен демеушілер жеткілікті қолдау көрсетіп отыр. Онда неге нәтиже жоқ? Бейінді министрлік бұл жұмысты дұрыс үйлестіре алмай отыр. Спорт – бүтін бір елдің имиджі. Токиода өтетін Олимпиада ойындарында жақсы нәтижелер көрсету үшін қателермен жұмыс істеңіздер. Уақыт аз қалды», — деді Б. Сапарбаев.

Сонымен қатар, вице-премьер спортшыларды жарыстарға іріктеу кезінде ашықтық пен объективтіліктің жетіспейтінін айтты.


«Спортта жең ұшынан жалғасу, алалау ешқашан болмауы тиіс! Біздің еліміздің абыройын үздік спортшылар қорғауы керек. Бұқаралық спортты дамытып, кәсіби спортшылардың жас ұрпағын дайындау керек. Біздің материалдық-техникалық базамыз жақсы, сондықтан, әсіресе, өңірлерде спорттық құрылымдарды барынша тиімді пайдалану қажет», — деп түйіндеді ол.