Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы одан әрі дамыту жөніндегі жиында шақырылған қонақтардың қалай отырғанына көңілі толмай қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгіновтің баяндамасынан кейін президент әкімдікке шақырылған шенеуніктердің ыңғайсыз отырғанын айтты.
"Қарап отырмын, жиынға келгендерді біртүрлі отырғызыпсыздар. Біз мында отырмыз, ал шақырылған қызметкерлер, қалалық мәслихаттың депутаттары бір-біріне қарап отыр. Бұл не қылған креатив? Жиналыс кезінде отырғызудың классикалық үлгісі бар емес пе?! Аудитория, шағын президиум. Орынсыз креатив. Адамдар бір-біріне қарап, ыңғайсыз отыр", — деп сынап тастады Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен елорданы одан әрі дамыту бойынша өтіп жатқан жиынға қатысушылар
Айта кетсек, Нұр-Сұлтан әкімдігінде астананы одан әрі дамыту мәселелері жөнінде жиын басталды. Мәжілісті Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Жиынға министрлер, облыс әкімдері, депутаттар шақырылған.