Жаңа коронавирус таралып жатқан Қытайдың Хубэй провинциясы мен Ухань қаласына сапарлаудан бас тарту керек. Бұл туралы брифингте Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.
Сонымен қатар Қытайда жүрген азаматтарға адамдар көп жиналатын орындарға бармауға кеңес беріледі.
"Базарларға, жабайы және үй жануарлары ұсталатын жерлерге бармаңыздар. Сондай-ақ қолыңызды жиі жуып, суық тию белгілері бар адамдармен қарым-қатынас жасамаңыз", — деді Бекшин.
Суық тию белгілерін байқаған Қытайдан келген азаматтарға дереу дәрігерге көрінуге кеңес берілді. Әйтпесе, ауру асқынып кетуі, тіпті өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.
Бүгінгі таңда Қазақстанда Ухань қаласына тікелей әуе рейстері жоқ. Алматы мен Нұр-Сұлтаннан Қытайдың Бейжің, Санья, Хайкоу, Сиань және Үрімші қалаларына ұшуға болады.
Бекшиннің айтуынша, бұл рейстердің барлығы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Барлық жолаушы мен экипаж қызметкерлері елге келгеннен кейін тексеріледі.
Қытайдағы белгісіз пневмония
Өткен жылдың соңында Қытайдың Ухань қаласында жергілікті тұрғындар белгісіз пневмониямен ауыра бастады. Кейінірек мамандар коронавирустың жаңа түрі таралып жатқанын анықтады. Бүгінгі таңда Қытайда жүзден астам науқас тіркелді, Жапония, Таиланд және Оңтүстік Кореяда тағы бірнеше адам ауырып жатыр.
Қытайда бұрын белгісіз болып келген бұл вирустан үш адам қайтыс болды.
Жергілікті эпидемиологтардың болжауынша, вирус жергілікті базарда сатылатын теңіз өнімдері арқылы жұққан. 1 қаңтардан бастап ол карантинге жабылды.