Ауруды 7711 адам жұқтырған, науқастардың көбі — қытайлық азаматтар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
2019-nCoV коронавирусының құрбанына айналғандардың біраз бөлігі Хубэй провинциясының тұрғындары екен. Ең алғаш індет осы аймақта пайда болып, жан-жаққа таралып кеткен. Провинцияда дерттің салдарынан 162 адам жан тапсырыпты.
Бір күн бұрын сырқатты жұқтырғандардың саны 5974, көз жұмғандардың саны 132-ге жеткендігі жайлы айтылған-ды. Жұқпалы инфекция Қытайдың барлық провинциясына, оның ішінде Тибетке де тарап үлгеріпті.
Қытай дәрігерлерінің айтуларынша, коронавирусты жұқтырғандардың болжалды саны тоғыз мың болуы мүмкін екен.
Қытайдың мемлекеттік кеңесінің премьер-министрі Ли Кэцян аурудың тез таралуына байланысты мемлекеттегі жағдайды өте ауыр деп атапты.
Осыған сәйкес Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індеттің жаппай таралуына байланысты мәселені тағы да талқыға салу үшін кеңес отырысын шақырған.
"Коронавирустың жаңа түріне байланысты төтенше комитет ДДСҰ-ның бас директорымен 30 қаңтарда пікірлеспекші", — делінген ресми хабарламада.