3 ақпаннан бастап Қазақстан мен Қытай арасында әуе тасымалы уақытша тоқтатылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, бұл жағдай ҚХР-да жаппай коронавирус індетінің таралуына байланысты екен. Екі ел арасындағы әуе байланысы қашанға дейін тоқтатылғаны әзірге белгісіз, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министрліктің мәлімдеуінше, 27-қаңтардан бастап Алматы — Нұр-Жолы — Үрімші, Өскемен — Майқапшағай — Үрімші, Жаркент — Қорғас — Құлжа, Аягөз — Бақты — Зимұнай бағытындағы автобус қатынасы тоқталыған. Ал 1-ақпаннан бастап әуе тасымалымен бірге Қытайға бағытталған жолаушылар пойыздары да тоқтатылыпты.
Бұған дейін ҚХР-да жарияланған карантинге байланысты Ухань қаласынан 83 қазақстандық азаматтар мен армениялық, қырғыз мен беларусиялық 24 азамат эвакуацияланған еді.
Қазақстаннан Қытайға Нұр-Сұлтан және Алматы мен Бежің, Үрімші, Сиань, Санья, Хайкео қалаларының арасында отандық Air Astana, SCAT және қытайлық China Southern Airlines, Air China әуе тасымалдаушылары қатынайтын еді.
Министрлік өкілдері 2020 жылдың 3 ақпанынан кейін Қытайға сапар шекпекші болып, әуе билетін сатып алған тұрғындарға оны кері қайтару қажет деп айтты.
"Билет сатып алуға кеткен сома айыппұлдық санкциясыз толығымен қайтарылатын болады", — делінген ресми хабарламада.