Көрші елдер Қордайдағы қақтығысқа алаңдап отырған жоқ - министр - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Көрші елдер Қордайдағы қақтығысқа алаңдап отырған жоқ - министр

Көрші елдер Қордайдағы қақтығысқа алаңдап отырған жоқ - министр

Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ешбір халықаралық ұйымнан хаттар келмеді дейді

  • 12 Ақпан 2020
  • 23
Фото - Caravan.kz

Қордайдағы қақтығысқа байланысты Қазақстанға басқа елдерден алаңдаушылық хаттар келіп түскен жоқ. Бұл туралы сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлімдеді.

Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап хабарлады. 

Мәжіліс отырысынан кейін БАҚ өкілдері Тілеубердіден Қордайдағы жағдайға байланысты Қырғызстаннан, басқа да елдерден алаңдаушылық хат келіп түсті ме деп сұрады.

"Хаттар келіп түскен жоқ. Әзірге ешкім алаңдаушылық танытқан жоқ", — деді министр.

Еліміздің оңтүстігіндегі оқиға Қазақстанның сыртқы саясатына қалай әсер етеді деген сауалға ол бұл мәселе тек БАҚ бетінде талқыланып жатқанын айтты. Ал ресми деңгейде ешбір халықаралық ұйымнан хаттар түспеген.

Қордайдағы қақтығыс

7 ақпанда Қордай ауданының Масанчи ауылында жаппай төбелес болып, оның соңы тәртіпсіздікке ұласқан. 8 ақпанда Қордай ауданында жергілікті ауқымда техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

Сол күні Қордай ауданының Қаракемер, Масанчи, Бұлар батыр ауылдарында 176 адам медициналық көмекке жүгінді, 41-і жатқызылды. Он адам көз жұмды.


Қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қордайдағы оқиғадан кейін 25-тен астам қылмыстық іс қозғалды.

Осы қақтығыстан кейін 10 ақпанда президент Жамбыл облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сұлушаш Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөлені жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды.

Сонымен қатар, Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев пен Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы Азамат Айқымбеков те қызметінен алынатын болды.

Бұдан бөлек, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қызметінен кетті. Оның орнына Бердібек Сапарбаев тағайындалды.