"Бес қатын алады деп масқара қылатын": Сәкен Майғазиевтің анасы ұлының балалық шағы туралы айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Бес қатын алады деп масқара қылатын": Сәкен Майғазиевтің анасы ұлының балалық шағы туралы айтты

"Бес қатын алады деп масқара қылатын": Сәкен Майғазиевтің анасы ұлының балалық шағы туралы айтты

Сәкен Майғазиевтің анасы ұлының балалық шағындағы қызықтары туралы айтып берді.

  • 10 Наурыз 2020
  • 581
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Сaravan.kz медиа-порталы stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«Сәкен еркелеген де жоқ. Үйде әлі тұр, жәшіктегі күйтабақтары. Екі жасынан бастап сол орысша, ағылшынша күйтабақтарды қосып қоятын. Сөйтеді де орнында дәрет сындырып тұра береді. Сол кезде «Әй табақтардың атын білесің, неге бұтыңа сигеніңді білмейсің» деп талай ұрдым», – дейді Сәкен Майғазиевтің анасы Ұлтай Мырзамбекқызы.

Сәкенге әкесі музыкалық аспаптар сыйға тартатын болған.
«Әкем марқұм үлкен қызметте болды, есепші, кассир болған. Сол кездері аудан, облыстарға іс-сапарға шыққанда, маған міндетті түрде музыкалық аспаптар, кассета, күйтабақ алып алып келетін», – дейді балалық шағын еске алған Сәкен Майғазиев. 

Әнші анасына әруақытта «Мені аз емізіп кішкентай болып қалды» деп қалжыңдайды екен. Оның себебін анасы да түсіндіріп берді.

«45 жыл ата-енеммен тұрдым. Екі келініміз ауру болды. Баласын бес-ақ ай емізіп, тастап кетеді екен. Соның балаларын маған әкеп тастайды. Үш баланы Сәкенмен бірге төртінші қып еміземін. Есі кірген соң айтады ғой «Осы қыздармен бірге емізем, мен кішкентай болып қалды» деп», – дейді Сәкен Майғазиевтің анасы Ұлтай Мырзамбекқызы.

Ал Сәкен Майғазиев әнртістің оқуына түскен кезде оны атасы еш қабылдай алмаған.

«Екі балам осы жерде болатын. Сәкенді де оқуға әкелдік. Бір күні оқуға түстім деді. Атамыз қандай оқуға түстің деп сұрады. Өзінің бала-шағасы оқыған болған соң, әртіс дегенді менсінбейді екен ғой. Ол кісі бәрі «папа» дейтін. Әртістің оқуына түскенін естігенде боқтады. Ол уақытта әртістер қыдырып жүріп концерт беруші еді ғой. Сөйтіп «Қай оқуға түскеніңді ауылға айтпа. Бопты, енді оқи бер» деді. Кейіннен сол атама жылаймын «Бәрі біледі. Атағыңды шығарған осы ғой. Басқа қай балаң шығарды» деймін»
, – дейді анасы.

Сәкен Майғазиевті ауылдастары «қалдыбек» деп мазат ететін болған. Тіпті басындағы орайына қарап, кейбіреулер көп әйел алады деген.

«Орайы көп болатын. Бұл бес қатын алады деп масқара қылатын. «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім» деп әйеліне айтқан өлеңді қызғанбайсыз ба деп менен сұрайды кейбіреулер. Бұл қандай сұрақ? Әй, нағыз жүрегінің ішіндегі жүрегі әйелі емес пе? Бала туып беріп отыр. Соның арқасы шығар Сәкеннің осындай болып жүргені», – дейді анасы.

«Тосынсый жасап ауылға барып тұрамын. Есейіп кетсең де, мен саған сәбимін дегендей, 45-ке келсек те күніне екі рет дауысын естіп тұрамын. Одан бөлек ұшсақ та, қонсақ та батасын алып отырамыз», – дейді Сәкен Майғазиев.