20 сәуірден бастап жұмыс істей бастайтын мекемелердің тізімі бекітілді - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
20 сәуірден бастап жұмыс істей бастайтын мекемелердің тізімі бекітілді

20 сәуірден бастап жұмыс істей бастайтын мекемелердің тізімі бекітілді

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті.   

  • 15 Сәуiр 2020
  • 17
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бизнес субъектілері қызметінің жекелеген түрлерін қайта бастау мәселесі туралы Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов, сондай-ақ әкімдер А. Көлгінов пен Б. Сағынтаев баяндады.  

ҚР президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру аясында Мемлекеттік комиссия биылғы 20 сәуірден бастап қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұмысын қайта бастайтын кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерінің тізімін бекітті.
Нұр-Сұлтан қаласында:

  • өнеркәсіптік кәсіпорындар;
  • құрылыс және жол-құрылыс салаларының компаниялары, ірі құрылыс дүкендері;
  • көлік, қоймалау салаларындағы компаниялар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы сервистік компаниялар;
  • автосалондар, ТҚС, авто жуу, дөңгелек ауыстыру сервисі, автобөлшектер дүкендері, химиялық тазалау, кеңсе техникасын жөндеу;
  • екінші деңгейлі банктер сағат 9:00-ден 16:00-ге дейін штат санының 50%-ын шектеумен, нотаруистер алдын ала жазылу бойынша жұмыс істейді;
  • қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысы тек өзімен алып кету және жеткізу қызметімен сағат 22:00-ге дейін ұзартылады.

Алматы қаласында:

  • өнеркәсіптік кәсіпорындар;
  • құрылыс және жол-құрылыс салаларының компаниялары, құрылыс материалдарының ірі көтерме базарлары;
  • нотариустер алдын ала жазылу бойынша;
  • тек бизнеске қызмет көрсету үшін ХҚКО бір бөлімшесі (Наурызбай ауданы, Шұғыла шағын ауданы, 347/1). 

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы шұғыл штабтар кәсіпорындар мен кәсіпкерлік субъектілерінің нақты тізімін, олардың қызметкерлерінің нақты санын, жұмыс уақытын және жеткізілу тәсілін анықтайды.  

Үкімет басшысы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдеріне тиісті шараларды қабылдап, жұмысы қайта жанданатын нысандарда санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің сақталуына қатаң бақылау жасауды қамтамасыз етуді тапсырды.  

Отырысқа қатысушылар сонымен қатар карантин енгізілген қалаларға ауыл шаруашылығы тауарларын жеткізушілердің автомашиналарын өткізу, карантин кезінде көктемгі егіс жұмыстарын ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардты сатып алуды өткізу, карантин енгізілген қалалардың тұрғындары үшін коммуналдық төлемдерді азайту, азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтарды ұсынуды ақшаландыру және т. б. мәселелерді қарастырды.  


Премьер-министр тиісті санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтаумен фермерлердің егіс жұмыстарымен бөгетсіз айналысуын қамтамасыз етуді, карантин енгізілген қалаларға ауыл шаруашылығы тауарларын жеткізушілердің автомашиналарын өткізудің бірыңғай тәртібін енгізуді және жүктердің негізсіз бөгелуін болдырмауды тапсырды.  

Мемлекеттік комиссия Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеген төтенше жағдай кезеңінде Коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу ережесінің жобасын қарады. 

Ұсынылған тетік тұрғындар үшін де, коммуналдық кәсіпорындар үшін де олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қолдаудың пәрменді шарасына айналуы тиіс, — деді Үкімет басшысы.

Жеделдікті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Мемлекеттік комиссия Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі енгізген азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтарды жеке тұлғалардың шотына ақшалай қаражатты аудару арқылы беру туралы ұсынысты мақұлдады. 

Өңірлердің әкімдіктері ұсынылған тетікке сәйкес көмекті алушыларға ақшалай қаражаттың уақытылы аударылуын қамтамасыз етуі керек. Карта шоттары болмаған жағдайда немесе көмек алушылардың жасына не мүгедектігіне байланысты келуге мүмкіндігі болмаса, санитарлық талаптарды сақтай отырып, азық-түлік жиынтығын үйге жеткізуді қамтамасыз ету қажет, — деді Мамин.